Биг Беннің 3 минут бойы қоңырау соғуы Олимпиаданың алғашқы күнінің басталғандығын білдірді

Вестминстер сарайының күллі әлемге танымал қоңырау-сағатының дабылы тура 3 минутқа соғылды. Бұл оқиға қазірдің өзінде тарихи аталып отыр, себебі, Биг Бен Ұлыбритания король Георг VI-ны жерлеген 1952 жылдың 15 ақпанынан бері өзінің қалыпты жұмыс тәртібін алғаш рет бұзды.
Биг Беннің 3 минуттықң қоңырау соғуы жергілікті билік өкілдерімен БАҚ-тарда алдын ала кеңінен жарнамаланды және де бұған дейін хабарланғандай «Лондон-2012 фестивалі» аясындағы ресми іс-шаралардың тізіміне енді.
Сондықтан, бүгін таңертең сағаттың соғуын Темзаның жағалауында ондаған мың турист, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген БАҚ өкілдері тамашалады.
Онымен бірге, Биг Бенге ілесе бүкіл Ұлыбритания бойынша мыңдаған қоңырау соғылды. Тіпті, таңертең Вестминстер сарайының алдына жиналғандардың өзі қоңыраулар соғып, велосипедтердің дабылдарын немесе мобильді құрылғыларда арнайы рингтондарды қосты. Осылайша, туристер мен жергілікті тұрғындар кеңінен жарнамаланған акцияға және «Лондон 2012 фестивалі» мен Мәдени Олимпиада ұйымдастырушыларының жаңа әлемдік рекордты орнату ниетіне қолдау көрсетті.
«Барлық қоңыраулардың бір мезетте соғылуы фестивальдің қоғамдық жобасына айналады және ол Ұлыбританиядағы әрбір адамға тарихтың бір құрамдасы болуына мүмкіндік беретініне аса қуаныштымыз. Біз бір мезгілде соғылған қоңыраулардың ең көп саны бойынша әлемдік рекорд орнатпақшымыз»,- деді «Лондон-2012» және Мәдени Олимпиада фестивалінің директоры Рут Маккензи.
Айта кетейік, бүгін Лондонда халықтың қарасы таңсәріден-ақ көріне бастады. Ұлыбританияның астанасын әдетті күндердің өзінде тыныш қала деп атауға болмаса-дағы, туристердің мұндай легі көптен бері болған емес.
Сондай-ақ осы уақытта коммуналдық, құқық қорғау және қаланың басқа да қызметтері Олимпиада алауы эстафетасының ақтық кезеңіне, ойындардың салтанатты ашылуына және мемлекеттер мен ел үкіметтері басшылары көліктерінің Ханшайым Елизавета Екіншімен кездесу үшін Букингем сарайына, одан кейін Олимпиадалық стадионға өтуіне соңғы дайындықтарды қарқынмен жүргізуде.
Лондонда жұмыс сапарымен жүрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Ұлыбритания билігімен Ханшайым атынан болатын ресми қабылдауға және Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуына шақырылды.
Айта кетейік, ойындардың ашылуына 10 сағаттан аз уақыт қалды.