Білікті кадрларсыз индустриялық секіріс жасау мүмкін емес
Өкінішке қарай, атауы дардай болғанымен талай бағдарламаның көздеген мақсатына жете алмай, құрдымға кетіп тынатыны шынтуайтына келгенде мамандардың біліксіздігінен болып жатады. Ал, бұндай олқылыққа жол бермес үшін шетелдерден жұмыс күшін тартуға мәжбүр болып жатамыз. Себебі, елімізде қазіргі заманның талабын қанағаттандыра алатын білікті кадрлар жеткіліксіз. Дейтұрғанмен, дабылы енді-енді басылып келе жатқан дағдарыс бізді мемлекет үшін маңызды, экономика үшін өзекті бұл мәселеге, яғни кадрларды даярлауға және қайта даярлауға жаңа көзқараспен қарауға үйретті. Түрлі тығырықтардан шығу үшін өзгеге емес, ең алдымен өзімізге сенуіміз керектігін ұғына бастағандаймыз. Бұл орайда басты мақсаты - халықты жұмыспен қамту болып табылатын «Жол картасы» бағдарламасы дағдарыс кезеңінде экономиканы дұрыс басқарудағы тиімді тетік бола білді. Осы жобаның аясында мыңдаған мамандар біліктілігін жетілдірсе, тағы мыңдаған адамдар басқа мамандық түрлерін игерді. Сөйтіп еліміздің өндіріс орындарында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында қыруар жұмыс орындары құрылды. Халық жұмыссыз қалмады. Бір сөзбен айтқанда, «Жол картасы» дағдарыс кезеңінде елдегі жұмыссыздықты жүгендеуге, күрделі уақытта әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге көп көмегін тигізді. Сондықтан да Үкімет әлеуметтік жағынан маңызы зор бұл жобаны биыл да іске асыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Оны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 143 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп те қойды.
Биыл елімізде 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық дамудың жаңа бағдарламасы іске асырыла бастағаны белгілі. Аса ауқымды бұл бағдарламаның да дұрыс орындалуы түптеп келгенде біз айтып отырған мамандарға байланысты. Осы жылғы қаңтардың 25-де болған Үкіметтің селекторлық кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов әкімдерге 2010 жылы кадрларды даярлауды Жол картасы және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының сұранысына бағдарлауды тапсырған болатын. Үкіметтің осы аптадағы селекторлық кеңесінде бұл тапсырманың ойдағыдай орындалмай жатқаны аян болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, еліміздің жекелеген өңірлерінде кадрларды даярлау және қайта даярлау индустриялық бағдарламаға қатысы жоқ мамандықтар бойынша жүргізіліп жатқан көрінеді. «Жергілікті атқарушы органдардың сәуірдің 1-інде берген деректері бойынша, жекелеген өңірлерде кадрларды даярлау және қайта даярлау, біздің пікірімізше, не Жол картасына, не Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысы жоқ мамандықтар бойынша жүргізіліп жатыр. Бұлар бухгалтер, ЭВМ операторы, шаштараз, косметолог», дейді Г. Әбдіхалықова. Осы орайда министр Білім және ғылым министрлігімен, Индустрия және жаңа технология министрлігімен бірлесіп аталмыш мәселені пысықтау қажеттігін атап көрсетті.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы кадрларды даярлауға өткен жылдан ауысқан қаражатты қоса есептегенде бас-аяғы 8 млрд. теңге жұмсалады, бұл 68 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді екен. Сәуірдің 1-дегі жағдай бойынша, бұл қаражаттың 1,1 млрд. теңгесі игеріліп қойған. Алайда, Г. Әбдіхалықованың тұжырымынан ой қорытсақ, осы игерілген қаржының аясында ішінара индустрияландыруға қатысы жоқ мамандар даярланып жатқанын аңғарамыз. Жоғарыдағы бухгалтер, ЭВМ операторы, шаштараз, косметолог сияқты мамандықтарды әртүрлі курстар арқылы да меңгеруге болатынын ескерсек, әкім-қаралар экономика үшін маңызды жобаларға қазынадан бөлінген қаржыны дұрыс ұқсатып, белгіленген мақсаттарға жұмсаса игі болар еді.
Ел басшылығының дұрыс жүргізіп жатқан экономикалық саясатының арқасында Қазақстан бүгінде Орталық Азия өңірінде ғана емес, ТМД кеңістігінде шетелдік инвесторлар үшін инвестиция салуға қолайлы, тиімді әрі тартымды елге айналды. Бір сөзбен айтқанда, біздің ел кез-келген бағдарламаны іске асыру үшін қаржылық жағынан таршылық көріп отырған жоқ. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, индустриялық секіріс жасау үшін қаржымен қоса дұрыс ойластырылған стратегияның және мемлекеттік аппараттың тиімділігінің маңызы зор екен. Ал, «осы құрамдауыштардың қайсысы Қазақстанның әлсіз тұсы», десек, соңғы екеуі маңызды фактор атқаратын тәрізді. Мемлекеттік аппарат қарайым тілмен айтқанда мамандар деген ұғымды білдіреді. Яғни, жоғарыдан бастап төменге дейінгі әрбір маман өз ісінің білгірі болса, алға қойған кез-келген міндетті орындап, діттеген межені бағындыруға болады. Мәселеге осы көзқарас тұрғысынан қарасақ, жоғарыда айтқан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның да табысты орындалуы, түптеп келгенде оның аясында жүзеге асатын жобалардың басы-қасында жүретін мамандардың қабілетіне, кадрлардың біліктілігіне байланысты. Ал, елді индустрияландыруға қажетті мамандарды даярлауды және қайта даярлауды қазірден бастап шешіп алмасақ, келешекте істің қиюын келтіру қиынға соғары сөзсіз.
Индустрияландыру Қазақстан үшін өте маңызды жоба. Бағдарлама аясында биылдың өзінде құны 5 миллиард доллардан асатын 140 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңа 47 жобаны іске асыру басталады. Олардың жалпы құны - 26 млрд. долларды құрайды. Ал, 2020 жылға дейін бағдарлама аясында ел экономикасы үшін аса маңызды бұдан да ауқымды жобалар іске асырылатын болады. Олардың барлығы қаржымен қамтамасыз етілген, дегенмен оны жүзеге асыратын мамандар жағына келгенде әлі де ақсап тұрған жайымыз бер. Осыны бір қайырып қойсақ, индустриялық секіріс жасау үшін келешекте білікті мамандарды даярлауда алдымызда ауқымды міндеттердің тұрғанын көреміз.
Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы Үкіметке жолданды
Осы аптада Астанада Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының түпкілікті нұсқасының таныстырылымы өтті Бастапқы нұсқасы билік пен бірқатар қоғам қайраткерлері арасында пікірқайшылығын тудырған бұл доктрина, екі тараптың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» отырып, «жеті өлшеп, бір кесіп» барып пысықтағанынан кейін, жаңа нұсқада жасалды. Сөйтіп ҚР Президенті Әкімшілігінің мақұлдаған ел бірлігі Доктринасы Үкіметке жолданды. Осы құжаттың әзірленуінің басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, «қоғам мен биліктің арасындағы келісім көрініс тапқан Ел бірлігі доктринасы - бүкіл қазақстандықтардың жеңісі болып табылады». Доктринада: «Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады», деп атап көрсетілген.
Қоғамдық комиссияның хатшысы Дос Нұр-Ахметтің сөзіне қарағанда, құжатпен жұмыс барысында алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы әзірлеген «Ел бірлігі доктринасы» мен «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысы әзірлеген «Қазақстан Республикасының Ұлттық саясаты» тұжырымдамасы салыстырылған. Бұдан бөлек «Ел бірлігі» атты Еуразия университеті ғалымдарының дайындаған балама жобасы, «Ақ жол» партиясының ұлттық саясат жөніндегі тұжырымдамасы да болған. Сонымен бірге БАҚ-та көтерілген мәселелер, жекелеген азаматтардың талап-тілектері негізінде 550-ден астам түрлі ұсыныстар келіп түскен. Бұдан басқа, ұлтаралық қатынастар мәселесімен айналысатын сарапшылардың ұсынымдары да тіркелген. Жалпы, Ел бірлігі доктринасының жаңа нұсқасы биліктің де, кезінде бастапқы нұсқасына наразы болған қоғам қайраткерлерінің де көңілінен шығып отыр. Биліктің көңілінен шықты дейтініміз, Президент Әкімшілігінің мақұлдағаны және Үкіметке жолданғаны. Қоғам қайраткерлерінің көңілінен шыққандығына мына пікірлер дәлел бола алады. «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дос Көшім мырзаның пікірінше, құжат бүгінгі қоғамға сай деңгейде әзірленген. Сөйтіп тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет азаматтық қоғам мен билік біріге отырып өте маңызды, өте күрделі әрі өте қиын мемлекеттік деңгейдегі құжат әзірленді. Комиссияның тағы бір мүшесі, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы Айдос Сырымның пайымдауынша, «доктринада ұлттық рухты жаңғырту және дамыту» мәселесі қамтылған.