Білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасы жаңа көкжиектерге жол ашады

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталады. Бұны іске асыру барысында қазақстандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсудің іргетасы қаланды, салада талай биіктер бағындырылды. Алайда, бұл құжат негізгі мақсаттарына қол жеткізгеніне қарамастан, білім беру жүйесінде
None
None

әлі де шешілмеген мәселелер бар. Масалы, олардың қатарына білім беру саласын қаржыландыру көлемінің аздығын, тиімсіз басқаруды, педагог кәсібі беделінің төмендігін, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасының әлсіздігін, мектепке дейінгі біліммен қамтудың төмендігін, шағын жинақты мектептердің көп болуын, техникалық және кәсіптік жоғары оқу орындары түлектерінің біліктілік деңгейінің еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуін жатқызуға болады. Саладағы осы және басқа да өзекті проблемаларды шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі. Бұл құжат қоғамда қызу талқыланып, оның жобасын Үкімет жақында мақұлдады. Бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты - азаматтардың материалдық және рухани әл-ауқатын жақсарту, экономиканың тұрақты дамуы үшін баршаға арналған сапалы білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету арқылы білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ адами капиталды дамыту болып табылады. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековтың айтуынша, бағдарламаны әзірлеу барысында 288 ұсыныс пен ескертулер келіп түсіп, оның 104 аталған құжатқа енгізілген. Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды, ал екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Бағдарламаны жүзеге асыруға алғашқы үш жылда, яғни 2011-2013 жылдары бюджеттен 151 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттау көзделіп отыр.

Бұл бағдарламаның бұрынғыдан ерекшелігі - жаңашылдығының көптігінде. Мәселен, оны 9 бағыт бойынша іске асыру көзделген. Бағдарламада бірінші басым бағыт ретінде білім беруді қаржыландыру белгіленіп отыр. Кез-келген құжат қажетті қаржымен тиісті деңгейде қамтамасыз етілсе және оны іске асыру шаралары тыңғылықты пысықталса толайым табыстарға жетуге болатыны мәлім. Әлемді дүр сілкіндірген қаржылық дағдарыстың әсеріне қарамастан, Қазақстан мемлекеті келешегі, ұлт болашағы үшін маңызы аса зор осындай бағдарламаның бабын келтіріп, бағын ашу үшін тиісті қаржы қарастыруда. Бұның өзі біздің мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының дұрыс жүргізіліп жатқандығын білдірсе керек. Осы бірінші бағыт бойынша білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу қарастырылып отыр. Бұл ретте жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу көзделіп, болашақта баланың жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуын төлеу үшін мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесін енгізудің тетігі әзірленген. Бұған қоса педагоктердің біліктілігін арттырудың ваучерлік қаржыландырылуы енгізілмек. Бағдарлама жобасында мұғалім кәсібінің беделін көтеру қарастырылған. 2011 жылдан бастап педагоктерді даярлау бағдарламасы, оның ішінде шағын жинақты мектептер үшін, бейінді мектептер үшін мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру магистрлері бағдарламаларын, екі дипломдық білім беру бойынша кадрларды даярлауды жетілдіру жоспарланып отыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша ағылшын тілді педагог кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бағдарламада педагогтерге қойылатын талаптарды күшейту шаралары қарастырылған. 2015 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің педагогикалық қызметке икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтихан енгізілмек. Педагогикалық мамандықтарға түсушілердің шекті деңгейі көтерілетін болады. Даярлау сапасын бақылау және ынталандыру үшін педагогикалық кадрлар тәуелсіз агенттіктерде біліктілік деңгейін бағалаудан өтетін болады.

Мемлекеттік бағдарлама жобасында білім беруді басқаруды жақсарту қарастырылған. Білім берудің барлық деңгейінде қоғамдастық бақылау тетіктері ретінде қамқоршылық кеңестері құрылатын болады. Тәуелсіз акредиттеу орталықтарының желісі білім беру сапасын бағалаудың функцияларын бәсекелестік ортаға беруге мүмкіндік жасайды. 2011 жылдан бастап білім беру ұйымдарында нәтижеге бағытталған жоспарлау жүйесі енгізіледі.

Электронды оқыту жүйесін енгізу мемлекеттік бағдарлама жобасының үшінші бағыты. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда оқушылардың тек 28 пайызында компьютер және 16 пайызында интернетке шығу мүмкіндігі бар екен. Салыстырсақ, бұл дамыған мемлекеттерден үш есе, жақын көршілес елдерден айтарлықтай аз. Бұған қоса Қазақстанда технологиялық дайындық деңгейі жоғары емес. Қазақстан білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қол жеткізу және оны қолдау бойынша әлемде 75-ші орында. Мектептердің 66 пайызының кең жолақты интернетке қол жеткізуге мүмкіндігі осы күнге дейін болмай отыр. Осы олқылықтарды жою үшін жаңа бағдарламада барлық білім беру ұйымдарын кең жолақты интернетке қосу, оқу үдерісіне автоматтандыруды енгізу, педагогтер мен оқушылардың білім беру ресурстарына қол жетімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы педагог кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін, әлемдік деңгейдегі сандық мектептерді құру жоспарлануда.

Келесі бағыт - мектепке дейінгі білім беруді жетілдіру. Қазіргі таңда Қазақстанда бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету өзекті проблемалардың бірі екені рас. Бұған негізінен Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың көтеріліп, демографиялық үдерістің жақсарғаны ықпал етіп отыр. Бұған әрине қуану керек. Алайда, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, ой-өрісін жетілдіру сайып келгенде ата-ананың ғана емес, мемлекеттің де басты мідеті. Сондықтан да балабақшалар санының жетіспеушілігін шешу қазір өзекті. Бұл үшін «Балапан» бағдарламасы әзірленіп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бірақ, соған қарамастан ұсыныс сұраныстың деңгейіне жете алмауда. Қоғам үшін өзекті бұл мәселені жаңа бағдарламада жүйелі шешу көзделген. Бағдарламадағы мектепке дейінгі білім беруді жетілдіру бағытының басты мақсаты - 2015 жылға қарай балалардың 70 пайызын балабақшамен қамтамасыз ету және 2020 жылға қарай қалалық жерлердегі сияқты ауылдық жерлерде де мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамту болып отыр.

Ал, енді келесі бағыт орта білімге келетін болсақ, бұнда білім берудің 12 жылдық үлгісіне толық көшуді жүзеге асыруға, шағын жинақты мектептердің проблемаларын шешуге, инклюзивті білім беруді жетілдіруге, қосымша білім берудің желісін дамытуға және мазмұнын жетілдіруге баса назар аударылмақ. Білім берудің 12 жылдық үлгісіне толығымен көшу үшін үш ауысымдық мектептерді, апаттық жағдайдағы мектептерді және оқушы орындарының жетіспеушілігін жою жоспарлануда. Барлық мектептер жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен жабдықталатын болады. Орта білімнің мазмұндылығы жаңартылады. Жер-жерлерде бейіндік мектептер енгізіледі. «Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің моделін» орта білім жүйесіне тарату жоспарлануда. Шағын жинақты мектептерде толыққанды білімге кепілдік беретін бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, шағын жинақты мектептерді дамыту мақсатында бағдарлама жобасында ресурстық орталықтар құрылмақшы. Оқушыларды тасымалдау, қашықтан оқыту ұйымдастырылмақ.

Биылдан бастап Қазақстан индустриалық дамуға бет алғаны белгілі. Таяу жылдарда елімізде құны миллиардтаған доллар болатын жүздеген нысандар бой көтеретін болады және тиісінше мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Ел экономикасы үшін маңызды өндіріс орындарын іске қосу аса күрделі іс болса, сондай заманауи кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз ету одан да күрделі іс. Елімізде білікті техникалық кадрлардың жетіспеушілігінен осы күнге дейін экономиканың маңызды салаларындағы өндіріс орындарын амалсыздан шетелдік жұмысшы күшімен толтырып келеміз. Елбасы Үкіметке отандық кәсіпорындарды барынша отандық кадрлармен қамтамасыз ету міндетін қойғаны белгілі. Бұл міндет индустрияландыру бағдарламасы іске асырылып жатқан қазіргі тұста аса өзекті бола түсуде. Сондықтан білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасында техникалық және кәсіптік білім беру басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Бұл бағыттың негізгі мақсаты - техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін индустриялды-инновациялық дамудың талаптарына сәйкес жаңғырту болып табылады. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бағдарламаны кәсіби стандарттармен қамтамасыз ету, индустриалды жобалар сұраныстарын ескере отырып мазмұнын жаңарту, индустриялды жобалар бойынша кадрларды даярлау, инфрақұрылымдарын дамыту сынды іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Бұл ретте Атырауда мұнай-газ саласы, Екібастұзда отын-энергетика саласы, Шымкентте өңдеу, ал Өскеменде машина жасау саласы бойынша 4 өңіралық кәсіптік орталық жұмыс істейтін болады. Индустриялық дамудың әр саласында сертификаттау орталығы құрылады.

Бағдарлама жобасындағы келесі бағыт - жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту. Бұнда еліміздің индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кадрларымен қамтамасыз ету, жоғары білім берудің еуропалық аймағына кіру, білім мен ғылымды біріктіру, зияткерлік меншік өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ету жөніндегі бірсыпыра міндеттерді шешу қарастырылған. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін мынадай мақсаттар қойылып отыр: жоғары оқу орындарының 14 пайызы халықаралық мамандандырылған акредиттеуден өтеді, жоғары оқу орындарының 100 пайызы кредиттерді аударудың еуропалық жүйесін енгізеді, мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары мазмұнының 65 пайызы таңдау бойынша анықталады, жоғары оқу орындарының 20 пайызы шетелдік жоғары оқу орындарымен бірге 2 дипломдық білім беруді жүзеге асырады. Бұған қоса Қазақстандық екі жоғары оқу орны әлемдік озық университеттері рейтінгісіне енгізіледі. Сонымен қатар, тәрбие жұмысы және жастар саясаты бағдарламада жеке бағытпен айырықшыланған. Жастар саясатын іске асыру жастардың бойында қазақстандық патриотизмді, рухани және адами мәдениетті қалыптастыруға бағытталмақ. Бұл ретте мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мынадай шаралар жоспарланған. Біріншіден, үш тілде оқытатын мектептердің санын 720-ға дейін ұлғайту көзделуде, бүгінде олардың саны - 31. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шеңберінде ағылшын тілінде сабақ беретін педогог кадрларды даярлау қамтамасыз етілмек. Еліміздің жоғары оқу орындарында көп тілде білім беретін педагог кадрлары даярланатын болады. Тілдерді игерудің халықаралық стандарты негізінде балабақша, мектеп, кәсіптік лицей, колледж, жоғары оқу орнында мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесі құрылмақ.

Атап өтерлігі, Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанды жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасымен, 2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту туралы мемлекеттік бағдарламасымен, 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамыту мемлекеттік бағдарламасымен бірге мемлекет үшін маңызды төрт негізгі құжаттың қатарына енгізіліп отыр. Осыдан-ақ, аталмыш бағдарламаның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін білеміз. Үкімет бағдарламаның жобасын мақұлдап қойды, оны тиісті қаржымен қамтамасыз етуге пейілді. Бұл бағдарлама тиімді іске асырылса, еліміздің білім беру саласында қордаланып қалған талай проблемалар шешілетін болады. Жақында Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзінде Президент Н. Назарбаев: «Мен ХХI ғасырда қазақстандықтар барынша оқымысты, білімді және бәсекеге қабілетті ұлт болатынына сенімдімін», деген еді. Елбасының осы сенімін ақтауда білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасына артылатын жүктің салмағы ауыр.

Соңғы жаңалықтар