Білім министрлігі кәсіби стандарттарды жасауды салалық кәсіпорындардың кәсіподақтарына беруі керек - Азат Перуашев

Бұл пікірін бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, партияның Алматы қалалық филиалында «Рахат» кондитерлік фабрикасы» АҚ-ның басшылығымен және кәсіпорынның жас мамандарымен болған кездесуде айтты.
Кездесудің басты мақсаты - Мәжіліс депутаттарының бірінші сесияда атқарған жұмыстары туралы есеп беру.
«Екіншіден, сайлаушылардың фракцияға жүктейтін тапсырмаларын жинаймыз. Үшіншіден, Елбасының « Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы бойынша Үкіметке өз ой-пікірімізді ұсыну», - дейді А. Перуашев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне білім беру мен стандарттарды біріктіруді тапсырды. Бұрын білім стандарттары салалық кәсіпорындардың кәсіподақтары әзірлеген кәсіби стандарттар негізде жасалатын. Кейін бұл міндетті Білім және ғылым министрлігі өз құзыретіне алды.
«Олар өндірісшілерге не керек екендігін салалық мамандардай жетік білмейді. Сондықтан, халықаралық инстиуттардың гранттарын «Атамекен» одағы арқылы салалық қауымдастықтарға беру керек. Сонда ғана кәсіби стандарттарды қайта жасап, оның негізінде білім стандарттарының сапасын көтеруге болады», - дейді ол.
«Ақжолдық» депутаттың пікірінше, министрліктің білім стандарттарын дайындаудағы қазіргі жолы дұрыс емес.