Білім министрлігі мен Дүниежүзілік банк Қазақстанда техникалық және кәсіби білім беру жүйесін модернизациялау бойынша бірлескен жобаны бастайды

Бұл туралы бүгін елордада «Еңбек нарығы және кәсіби және техникалық білім беруді дамытудың болашағы» тақырыбында өткен республикалық конференция барысында ведомствоның Кәсіби және техникалық білім беру депатраментінің директоры Қадырбек Бөрібеков мәлім етті.
Жоба бойынша қолда бар білім беру стандарттарының жұмыс берушілердің нақты жұмыс орнына қатысты жаңа талаптарына сәйкестілігі қайта қаралмақ. Сонымен қатар елдегі 70 білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту көзделуде. Жобада белгіленгеніндей, әрбір мекеме аталған мақсаттарға 350 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат алады.
«Бұл қаржы Дүниежүзілік банк заемы есебінен беріледі. Бұған қатысуға ниет танытқан білім ордалары гранттарға конкурстық негізде қол жеткізе алады»,-дейді Қ. Бөрібеков.
Оның айтуынша, білім беру саласын дамытудың 2020 жылға арналған бағдарламасы аясында биыл 25 білім беру мекемесіне 24 млн. теңге бөлінген. «Бағдарлама бойынша жалпы 2013 жылға дейін елдегі 147 білім мекемесі қаржыландырылады. Бұл тек республикалық бюджеттен қарастырылған сома»,-дейді ол.