19:54, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Білім және ғылым министрлігі студенттерге арналған жеңілдетілген несие бойынша мамандықтардың санын кеңейте түсуді қарастырмақ
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім және ғылым министрлігі студенттерге арналған жеңілдетілген несие бойынша мамандықтардың санын кеңейте түсуді қарастырмақ.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің және Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдалануын бақылау жөніндегі комиссияның отырысында Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда министрлікке ақылы негізде білім алатын студенттерге арналған жеңілдетілген несие мәселесіне байланысты бірқатар ұсыныстар түсіп жатыр. Атап айтқанда, бұл бағдарламадағы мамандықтар саласын кеңейту, үлгерімі бойынша өлшемдерді және несие ставкасын төмендету туралы мәселе көтерілуде. Тоқтала кететін жайт, бағдарлама бойынша техникалық, жартылыстану және медицина саласы мамандарының таңдап алынуы еліміздегі ілкі кластерлерді дамытуға, экономиканың тиімді секторын қолдауға негізделген болатын. Сонымен бірге, елімізде экономист, заңгер мамандықтарының сұранысы жыл сайынғы жұмыс берушілер тарапынан жасалатын тапсырыстарға сәйкес келмейді. Осыған орай, осы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен оларға берілуі мүмкін несиелердің қайтарылуы да проблемалы болып қалуы ғажап емес», деді К. Шәмшидинова. Сонымен бірге, вице-министр, студенттік несиедегі үлгерім бойынша алынған өлшемдерге тоқтала келе, мұның білім берудегі сапаны арттыру бағдарламасына сәйкес келмейтінін әрі жоғары оқу орындарындағы қаржылық тұрақтылыққа әсер ететінін жеткізді.
«Бүгінгі күні студенттердің жеңілдетілген несиесіне қатысты мамандықтар тізбесін кеңейту ұсынылып отыр. Дегенмен де, мамандықтар тізбесі кеңейген сайын несие алу санатына жататын студенттер саны да 70-80 мыңға дейін артып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, ондай түзету енетін болса, 94 млрд. теңгеге жуық қаражат қажет болады. Сондықтан да, министрлік бұл мәселені терең талдап, қай мамандыққа қарай несиелік басымдық беруді анықтайтын болады», деді вице-министр.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы тапсырмасына сәйкес техникалық, жаратылыстану және медицина саласы бойынша ақылы негізде оқитын 40 мыңға жуық студентке несие беру жүктелген еді. Дегенмен де, бүгінгі күні еліміздің тек 400 студенті ғана аталған несиеге қол жеткізген.