«Білім» жобасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандардың техникалық және кәсіби білім алуына жол ашу көзделіп отыр - БҚО

Бұл туралы «Ел Барыс» қоғамдық қоры БҚО әкімдігімен бірлесіп Орал ақпараттық технологиялар колледжінде ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында айтылды.
Елбасы Жолдауында білім беру мәселелеріне баса көңіл бөлінгені мәлім. Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету кешенді түрде шешуді, бұл ретте мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйымдардың өзара тығыз байланыста жұмыс жасауын қажет етеді. Аталмыш жобаға сәйкес 2012-2013 оқу жылында Орал ақпараттық технологиялар колледжінде тірек қозғалысы бұзылған жандарды оқыту көзделіп отыр. «Ел Барыс» қоғамдық қорының бас директоры Хафиза Өтеулинаның айтуынша, бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы оқу орындары, бағдарлама мен оқыту әдістемесі жасалуы тиіс.
Шара барысында аталмыш қор мен облыстық білім басқармасы арасында білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойылды.