Бір топ маңғыстаулық елордадағы «Қазақ елі» монументінің ашылуына қатысып қайтты

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақ елі» ескерткішін көргенде тәуелсіздігіміздің мәнін түсініп, Елбасымыздың ерен еңбегі мен азаттықтың құнын сезіндік», дейді ескерткіштің ашылу салтанатына куә болған маңғыстаулықтар.
«Мен монументтің ашылу мерекесінен оралған соң, жастармен өз әсерімді, көрген-білгенімді бөлісуді парыз санап, «Арман» жастар орталығында қоғамдық бірлестіктермен кездесу өткіздім. Жастардың қызығушылығы жоғары,олар қазақстандықтардың патриоттық рухын оятар көрікті нысан өз қаламызда да ашылса деген ұсыныстарын жасырмады», деді Маңғыстау облысындағы «Арман» жастар орталығының директоры Нұрбек Қарасаев.
«Қазақтың сары даласы ірілік үшін жаралған. Алыптардың, зәулімдердің, заңғарлардың мекені болып қалу жазылған маңдайына. «Қазақ елінің» биіктігі даласының сол талабымен біте қайнасып, жарасымын табудай-ақ тауыпты», дейді журналист-жазушы, Махамбет сыйлығының лауреаты Әбілқайыр Спан.
«Астанада еліміздің сан ғасырлық тарихына, халқымыздың ұлы перзенттеріне, асқақ арманына, күллі атажұртымызға арналған мәңгілік ескерткіш - «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанатына бір топ маңғыстаулықтармен бірге мен де қатысу бақытына ие болдым», дейді Маңғыстау облыстық Азаматтық альянстың президенті Жақсыгүл Махамбетова.