Бір жол айрығы зиянды қалдықтардың әуеге таралуын 11 пайызға азайтады - А. Есімов
«Алматыда жалпы ұзындығы 140 шақырым болатын жаңа жолдар салынып, 1265 шақырымдық жол қайта жөндеуден өткізілді. Бұл Алматыдан Астана қаласына дейінгі ара-қашықтықтан асып түседі», - деді өз сөзінде А. Есімов.
Ол сонымен қатар, бұл бағытта жұмыстар одан әрі жалғасын табатындығын жеткізді.
Ахметжан Есімовтың айтуынша қалада 28 көлік айрығы жұмыс істейді. Олардың көбісі соңғы жеті жылдың ішінде салынған. Әрбір жол айрығы зиянды қалдықтардың әуеге шығарылуын 11 пайызға төмендетеді.
«Қалада жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын магистральдық көшелер салынды. Қазіргі таңда Төле би көшесін Қайырбеков көшесі тұсынан Шығыс айналма жолына дейін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 100- ден астам жер үсті және жер асты өткелдері салынды. Бұл әрине жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын азайтуға септігін тигізеді», - деді А. Есімов.