Біріккен түркі инвестициялық қорының тезірек құрылуын қолдау керек - Қ. Жақыпов
Жиын барысында Түркі елдерінің сауда-экономикалық өзара байланыстарына тоқталған Мәжіліс спикері бұл мемлекеттер ынтымақтастығының басым бағыты екенін атап өтті.
«Қаржылық дағдарыс пен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында біздің елдеріміздің экономикаларына теріс құбылыстарды төмендету аса маңызды. Бұл үшін елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарымызды нығайтуымыз керек. Ал бұған біздің мемлекеттеріміздің басшылары бастама жасаған Біріккен түркі инвестициялық қорын құру мәселесін жүзеге асыру өз септігін тигізетін еді. Экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатын бұл Қордың тезірек құрылуын біз, парламентшілер жан-жақты қолдауымыз керек», - деді Қ. Жақыпов.
Бұдан бөлек, Мәжіліс Төрағасы түркі мемлекеттері үшін Жаңа Жібек жолы стратегиялық трансконтинентальды маршрутының маңызды бөлігіне енетін бірегей мүмкіндік болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл маршрут түркі тілдес мемлекеттердің басым бөлігінен өтіп, Жібек жолы Экономикалық белдеуі аймағындағы көліктік дәліз бе бірегей еуразиялық сауда-экономикалық кеңістік құруға бағытталады.
«Жаңа инфрақұрылымдық жобалар, логистикалық орталықтарды дамыту маңызды, Каспий теңізінің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін көтеру де өзекті. Келесі жылдың өзінде Баку-Тбилиси-Карс бағытындағы теміржол толық қуатына қосылады. Сонымен қатар, келер жылы біз «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің 2787 шақырымға созылған қазақстандық учаскесінаяқтаймыз. Бұл жүктерді Еуропаға жеткізу мерзімін 3,5 есеге қысқартады», - деді спикер.