Біріккен Ұлттар Ұйымы Аралды қалпына келтіруге көмектесетін болды
Бұл туралы бүгін аталмыш ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуі барысында Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, БҰҰ-ның Бас хатшысына үлкен алғысымды білдіргім келіп отыр. Себебі ол осы сапары барысында әлемдегі ең үлкен экологиялық проблемалардың бірі - Арал теңізінің жағдайымен танысты. Ал онда көргендерін Бас хатшы өте күрделі мәселе деп бағалап, әлемдік қауымдастықты осы мәселені бірлескен түрде өзара ынтымақтаса отырып шешуге шақырды. Мені осы өңірдің тумасы ретінде Сіздің Біріккен Ұлттар Ұйымының теңізді қалпына келтіруге қолұшын созатындығы жөніндегі сөзіңіз қатты қуантты. Лайым, осы айтқаныңыз орындалса екен деген ниеттеміз», деді депутат.