Бірінші тоқсан нәтижелі болды

АНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2-ші тоқсанға арналған міндеттер осы аптадағы Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысында талқыға түсті.
None
None

Сондай-ақ алқалы жиын барысында еліміздің әлеуметтік саласын нығайтуға бағытталған екі бірдей маңызды құжат, атап айтқанда, Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын жаңғырту бағдарламасы және 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» атты халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бірауыздан мақұлданды.

Алдымен 1-ші тоқсандағы экономикалық жетістіктерге тоқталайық. Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің атап өтуінше, алдын ала бағалау бойынша 2010 жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 2011 жылдың 1-ші тоқсанда Ішкі жалпы өнім 6,5 пайызға өсім көрсетіп отыр. Экономиканың алты базалық саласы бойынша есептелетін қысқа мерзімді экономикалық индикатор үш айда 107,1 пайызды құрады. Атап айтқанда, биылғы жылдың 1-ші тоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 пайызға өсті. Айта кетерлігі өңдеу секторының өсу қарқыны кен өндіру саласының өсу қарқынынан 3 пайызға артық болып отыр. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау өндірісінің көлемі 6,2 пайызға, сумен жабдықтау 3 пайызға өсім көрсетті. Сонымен қатар машина жасау саласы да серпінді дамып, өндіру көлемі 22,6 пайызға, металл емес минералдық өнімдерді, яғни ұсақталған тас, құм, керамика, құрылыс материалдарын өндіру 24,2 пайызға, химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру - 20 пайызға артты. Ал тоқыма бұйымдарын өндіру 34,4 пайызға, қағаз және қағаздан жасалған өнімдер өндіру 11,4 пайызға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 9,5 пайызға кеміді.

«Жағымды сыртқы конъюнктурамен қатар экономиканың нақты секторының жоғары қарқыны ағымдағы жылдың қаңтар-ақпандағы қорытындылары бойынша сыртқы сауда айналымының 32,4 пайызға өсуіне ықпал етті және 15,4 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді сыртқы саудаға тоқталған Қ.Келімбетов. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі айда тауар экспорты 36 пайызға ұлғайды және 11,6 млрд. АҚШ долларына жетті. Экспорттың құрылымында ең үлкен үлесті отын-энергетикалық тауарлары 76,2 пайызды, сондай-ақ металдар және олардан жасалған бұйымдар 12,8 пайызды алды. Есепті кезеңде 11,2 млн. тонна мұнай және газ конденсаты экспортталды, бұл ел экспортының 70,4 пайыздан аса түсімін қамтамасыз етті.

Ал одан кейін сөз алған Қаржы министр Болат Жәмішев республикалық бюджеттің кірістері 885,5 млрд. теңгені, оның ішінде салықтық түсімдер 664,9 млрд. теңгені құрап, 117,8 пайызға орындалғанын немесе жоспардан тыс 100,3 млрд. теңге түскенін мәлім етті. Оның атап өтуінше, жоспардан тыс түскен қаржының 60,7 млрд. теңгесі біржолғы және аванстық төлемдер болып табылады. Яғни, біржолғы төлемдерді есептемегенде орындалу 107 пайызды құраған. Сонымен қатар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2011 жылдың бірінші тоқсанындағы салық түсімдері мұнайға экспорттық кеден салығын, тасымалдаудың кедендік салығын бөлу тетіктерін Ресей Федерациясынан импортталатын тауарларға қосылған салықты есепке алмағанда 59,1 млрд. теңгеге ұлғайған.

Б. Жәмішевтің айтуына қарағанда, жылдық бюджетке қатысы бойынша салық түсімдерінің орындалуы 24 пайызды құраған. Ал бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінде 19 пайызға тең болады. «Кеден одағы елдерінің кедендік салықты бөлу тетігінің іске қосылуы 2010 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда қосымша 33,7 млрд. теңгені және мұнайға экспорттық кеден салығын енгізу 122,6 млрд. теңгені қамтамасыз етті»,-деді министр.

Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік бюджеттің нақты шығыстары 1 трлн. 176,3 млрд. теңгені немесе 91,8 пайызды құрап, республикалық бюджет 1 трлн. 063,4 млрд. теңгеге немесе жоспарға 94,3 пайызға орындалды. Ал мемлекеттік бюджет тапшылығы 99,6 млрд. теңге, республикалық бюджет тапшылығы 161,2 млрд. теңге сомасында қалыптасты.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында білім беру саласында 2011-2020 жылдарға арналған ҚР Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыстар жанданғанын баса айтқан Қаржы министрінің сөзіне қарағанда, мемлекеттік бағдарлама аясында оқытушылар мәртебесін арттыру, атап айтқанда, мектеп ұстаздарының және мектепке дейінгі білім беру орындарының тәрбиешілеріне біліктілік санаты бойынша үстемеақы көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ кәсіби және техникалық білім беру ұйымдарында өндірістік оқытуды ұйымдастырушыларға үстемеақы белгіленген. «Атап өтілген үстемеақыларды төлеу ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап жүргізіледі», - деді Б.Жәмішев.

Екі баяндамашының да сөзін мұқият тыңдаған Үкімет басшысы К. Мәсімов бюджетті орындамаған әкімшілерден бөлінген қаржы кері қайтарылып алынатындығын ескертті. «Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, жыл соңына қарай бюджеттің орындалуы қалай болатындығы шамамен белгілі болады. Сондықтан бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ұсыныс енгізіңіздер. Қыркүйекте біз Парламентке нақтыланған бюджетпен баруға келісім сұраймыз. Және бюджетті кім орындамаса, ақшаны кері қайтарып аламыз. Қаржыны қажетті жерге жұмсайтын боламыз», - деді К. Мәсімов.

Коммуналдық желілер мен көппәтерлі тұрғын үйлер жаңғырмақ

Алдағы 10 жылдың ішінде республика аумағындағы коммуналдық желілер мен көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуды көздейтін тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғырту бағдарламасын Үкімет отырсында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин таныстырды. Оның атап өтуінше, ел аумағындағы коммуналдық инфрақұрылым желілері мен құрылғылардың техникалық жағдайы тым төмен. Олардың басым бөлігі жөндеуді не ауыстыруды қажет етеді. Нақты деректер қазіргі таңда жылумен жабдықтау саласында күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін желілер мен құрылғылардың үлесі 63 пайыз, электрмен жабдықтауда 73 пайыз және газбен жабдықтауда 54 пайыз екендігін алға тартады. Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердің де сапасы сын көтермейді. Атап айтқанда, олардың 32 пайызы немесе 50 млн. шаршы метрі күрделі жөндеу жұмыстарының жекелеген түрлерін жүргізуді қажетсінсе, 3,8 млн. шаршы метрі немесе 2 пайызы бұзылуға жататын апатты баспаналар. Міне осындай жайтты түбегейлі шешуге мұрындық болу үшін құрылған бағдарлама үш бағытта, атап айтқанда коммунал­дық секторды, яғни жылумен, газбен және электр­мен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лықтың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылатын болады. Толықтай алғанда, жоғарыда атап өткен мақсаттарды жүзеге асыруға 10 жылдың ішінде республикалық бюджеттен 533 млрд. теңге, оның ішінде қайтарымды негізде 160 млрд. теңге шығындалады. Аталған қаржының 166 млрд. теңгесі коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға, ал 358 млрд. теңгесі көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге бағытталады. «10 жылдың ішінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 81 мың шақырымнан астам жылу, электр, газбен жабдықтау желілері жаңғыратын болады. сонымен қатар аталған аралықта тұрғын үй қатынастарының жаңа моделін және бірлесіп қаржыландырудың жаңа тетіктерін құру арқылы 11 624 көппәтерлі үй жөнделеді. Бұл Мемлекет басшысының жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар үлесін 32-ден 22 пайызға төмендету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді», - деді С.Нокин.

«Ақбұлақ» халықты ауызсумен қамтамасыз етуге бағыт алды

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалалық жерлердің 82 пайызы, ал ауылдық жерлердің 42,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Демек, Үкіметтің осы аптада қабылдаған 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» халықты ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасы сумен қамтамасыз ету саласындағы кем-кетіктің орнын толықтыруға бағытталып отырғандығы сөзсіз. Аталған құжатты Министрлер кабинеті мүшелеріне таныстырған Экономикалық даму және сауда ви­це-министрі Қуандық Бишім­баев­тың айтуынша, бағдарламаның көзделіп отырған тетіктері нақты жүзеге асырылғаннан кейін 2020 жылға қарай ауылдық елді мекендердің жалпы санынан ауылдық жерлердің 80 пайызы, қалалық жерлердің 100 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Сумен жабдықтау жүйелеріндегі апаттар саны желілердің 1 шақырымында 0,6-дан 0,3 бірлікке дейін қысқартылады. Сонымен қатар еліміздің халқы тәулігіне 24 сағат бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болмақ. Осындай индикаторларға қол жеткізу үшін 2011-2013 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заңда қалалық және ауылдық жерлерді сумен жабдықтау мақсаттарына 2011 жылға - 85,6 млрд. теңге, 2012 жылға - 122,7 млрд. теңге, 2013 жылға - 122,2 млрд.теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету мақсаттарына Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі және Ауыл шаруашылық министрлігінің болжамдық есептеулері бойынша сумен қамтамасыз ету саласының жоғарыда аталған нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін 2020 жылға дейін барлығы 872,2 млрд.теңге қажет болады. «2020 жылға дейін республикалық бюджет қаражаты есебінен сумен қамтамасыз ету және су бұру мақсаттарына 1 164,1 млрд. теңге, оның ішінде су бұруға 291,8 млрд. теңге, сумен қамтамасыз ету және іздеу-барлау жұмыстарына 872,2 млрд. теңге қажет етіледі»», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар