10:50, 30 Шілде 2012 | GMT +5
Бірінші тоқсанда павлодарлық кәсіпорындар 259 млрд. теңгенің өнімін өндірді
ПАВЛОДАР. 30 шілде. ҚазАқпарат - Бірінші тоқсанда павлодарлық өндірістік кәсіпорындар 259 млрд. теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға артық.

Бұл көрсеткіштерді мәслихат депутаттарына Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов мәлім етті.
Өңдеу кәсіпорындарына 218 млрд. теңге тиесілі, бұл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артық.
Көтергіш крандар өндірісі 54,3 пайызға өсті, 35,5 пайызға бензиннің, 21,3 пайызға мазуттың өндірісі жоғарылай түсті. 2,9 пайызға электр энергиясы, 5,3 пайызға жылу артық өндірілді.
Дегенмен мыс пен керосиннің өндірісі төмендеді.
Бірінші тоқсанда ҮИИД бағдарламасы бойынша 4,4 млрд. теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылды, 383 жұмыс орны құрылды.