Бірінші тоқсанда «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстандық еншілес банкінің активтері өсті
Банктің басқарма төрағасы Олег Смирновтың айтуынша өсім барлық салада бар. Заңды тұлғалардың салымдары 40,8 пайызға өсіп, 227,7 млрд. теңгені құраған. Клиенттерге берілетін несиелер 8,3 пайызға өсіп, 36,7 млрд.теңгеге жеткен. «Жеке капитал 42,3 млрд. теңгені, банктің таза кірісі 1,8 млрд. теңгені құрады, бұл көрсеткіштер бойынша Банк қаржы нарығындағы көшбасшылардың үштігіне еніп отыр»,- дейді О.Смирнов.
Оның айтуынша банк өткен жылды да табысты аяқтаған. 2010 жылғы жиынтық активтеріндегі үлесі 2009 жылғы 1,9% көрсеткішке қарсы 2,3%-ды құраған. Несие өсімінің динамикасы бойынша Банк екінші орынды иеленіп, берілген несиенің жалпы сомасы 176,6 млрд.теңгеге өскен. «Активтер мен заңды тұлғалар салымының өсім динамикасы бойынша Банк көшбасшылардың үштігіне еніп, нәтижесінде активтер мөлшері 282,7 млрд. теңгені, ал салымдар мөлшері 161,7 млрд. теңгені құрады. 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, жеке капитал 39,9 млрд. теңгені, ал банктің таза кірісі 2,6 млрд. теңгені құрады»,- деді О.Смирнов.