17:09, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Бірлескен кеден одағы Қазақстан мен Беларус арасындағы тауар айналымын жақсартады - Беларус Елшісі
АЛМАТЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстан мен Беларус арасындағы сауда айналымы соңғы 4 айда едәуір құлдырап отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан мен Беларус кәсіпкерлерінің бизнес форумы барысында Беларус Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Василий Гапеев айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан мен Беларус арасында саяси, экономикалық тұрғыда ешқандай қайшылық жоқ.Соның нәтижесінде сауда айналысы жыл сайын артып отыр. Мәселен, 2003-2008 жылдар аралығында ол 6 есе өсті. 2008 жылы 500 миллион доллар болса, 2009 жылы 537 миллион доллар көлемінде болмақ. Алайда биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша тауар айналымында едәуір құлдырау бар», деді елші. Ол екі елдің экономикалық қарым-қатынас әлеуеті өте жоғары екендігіне тоқталып, 500 миллиондық сауда айналымы екі ел үшін де өте аз деген пікір білдірді. «Біз бүгінгі форум қорытындысына үлкен үміт артып отырмыз.Өйткені екі ел арасындағы кәсіпкерлік байланыс дамуы баяу болып отыр.Беларуста қазіргі уақытта ауылшаруашылығы мен өндіріс саласы жақсы дамып отыр.Алайда бұл өнімдер Қазақстанға жеткенше тасымал құнымен 6 есеге дейін өсіп кетіп, Қазақстанда бәсекеге түсе алмай отыр.Бұл мәселені шешу бағытында Қазақстан, Ресей, Беларус арасында құрылған Кеден одағына үміт зор», дейді В.Гапеев. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан аумағында 30 беларустық бірлескен кәсіпорын, 6 сауда үйі жұмыс істейді. Дегенмен, бұл әлі де аз деген Елші, екі елдің жеңіл өнеркәсіп, медициналық, ағаш өңдеу саласы бойынша бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндігі барлығын айтады. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Беларус жағы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арқылы балалар тағамын өңдеу, ет-сүт өндіру кәсіпорнын құру бағытында жұмыс істеуде.
«Бізде Қазақстан өнімдеріне де сұраныс жоғары. Мәселен, қазақстандық металл, аккумулятор, подшипниктер, жылқы етіне сұраныс жоғары. Қазақстан осы бағытта бізге тауар жеткізсе», дейді Беларус Елшісі.