Бірнеше адамның өміріне қауіп төндірген бұзақы 12 жыл «арқалайтын» болды

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Орал қаласының шеткері шағын ауданында орналасқан дәмханасында тойлатып жүріп, бір саптыаяқ сырасымен киім ілетін бөлмеге шығып, сыралатып тұрған Г-ге сол жерде «демалып» жүрген С. келіп тиісе кетіп, сыртқа шығуын талап етеді. Екеуінің артынан Г-нің таныстары М. және К. ілесе шығады. Екеуара сөз жарыстырып жатқан кезде С-ның ағасы К. жетіп келіп, істің ақ-қарасын айырмастан Г-нің бетінен жұдырықпен қойып кеп қалғанда өзі әзер тұрған ол жерге ұшып түседі. Бұны көрген оның екі танысы К-ні тыныштандырмақ болып айыруға ұмтылғанда ағайынды екеу оларды соққы мен тепкіге алған. Содан кейін К. бұзақылық ниетпен Г-ның қабырға тұсынан және қолынан өткір, тілгіш затпен екі рет ұрып, оқиға орнынан зытып отырған. Абырой болғанда Г. дереу ауруханаға жеткізіліп, тірі қалған.
Осындай бұзақылық әрекеттерінің бірін жүзеге асыру мақсатында, К. қаладағы үйлердің бірінің жертөлесінде екі досымен кезекті арақ ішуден кейін телефонмен такси шақыртады. Келіп жеткен радио-таксиге үшеуі мініп, жол ақысына телефон ұсынады. Бұған келіспеген жүргізушіні қатарында отырған К. пышағын сермелеп, жұдырықтай бастайды. Артта отырған екеуі де оған қосыла кетеді. Көліктен қашып шыққан оның артынан әлгі үшеуі ілесе шығып, сыртта төбелесе бастайды. Енді жүргізуші құтылудың амалын ойлап, көлігімен қашпақшы болып ішке енген кезде К. көліктің артқы салонына секіріп мініп, кеуде тұсының артқы жағынан 5 рет -мойнынан 1 рет, оң жақ иығынан 2 рет, мұрны тұсынан 1 рет соққыларды жаудыртады. Қылмыскердің қарулы қолынан құтылмақшы болған жүргізуші 10 метрдей жерге баруға ғана әлі жетіп, алған жарақаттарының әсерінен рульді басқара алмай, жерге көмілген баллонға барып бір-ақ түйісіп тоқтаған. Осы кезде ол байғұсты әрі қарай соққылауға жол бермей, К-ні достары көліктен сүйреп алып шығып, оқиға орнынан іздерін суытып отырған.
Жүргізуші артынша ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің дер кезінде көрсетілген көмегінің арқасында өміріне төнген қауіптен аман қалған.
Бұл бұзақылық әрекеті аз болғандай, тағы бірде ол мас күйінде өзі тұратын жердегі көршілес үйдің ауласында шақырту бойынша келе жатқан радио-таксиді тоқтатады. Такси жүргізушісі қателесіп бұны мінгізіп алып, ауладан шыға берген кезде, қаннен-қаперсіз көлігін жүргізіп келе жатырған оны оң қолында ұстап отырған пышақпен басына 13 рет ұрып, көліктен шығып тайып отырған.
Бұл жолы да жүргізушінің өмірі дәрігерлердің көмегі арқасында аман қалған.
Басты сот талқысында К. өзінің кінәсін ішінара мойындағанымен, оның қылмыстық әрекеттері зерттелген істер жиынтығының дәлелдерімен, дәлірек айтқанда, куәгерлердің, жәбірленушілердің айғақтарымен, сот медициналық сараптама нәтижелерімен және басқа да іс материалдарымен толықтай дәлелденді.
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушы К-ні Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 257-бабы 3-бөлімі, 24-бабы 3-бөлімі, 96-бабы 2-бөлімі «и, н» тармақтары бойынша кінәлі деп танып, түпкілікті түрде мүлкін тәркілемей, 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын түзету колониясының қатаң түрдегі режімінде өтеуге үкім етті.
Сонымен қатар жазасын өтеу орнында маскүнемдіктен емдеу тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.