Бітік шыққан астық өнімін сақтап қалу және дер кезінде экспортқа шығару өте маңызды - Нұрсұлтан Назарбаев

К.Мәсімов Президентке елдің экономикалық дамуының қарқыны мен динамикасы жайлы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, астық жинау, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жайлы баяндады.
- Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ақшаларын жоғалтпай, одан әрі дамуға тиісті қаражат алуы үшін осы үлкен астық өнімін сақтап қалу және дер кезінде экспортқа шығару өте маңызды. Екінші күн тәртібіндегі үлкен мәселе - барлық аймақтардың ауыл шаруашылықтарын қысқа дайындау. Бұл өте маңызды. Үшіншіден - біздің еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өту. Мен батыс, солтүстік сынды көптеген облыстарға барғанда әр қала, елді мекен мен ауыл тұрғындары тәуелсіздіктің 20 жылдығының маңызын түйсіне алуына қатысты берген тапсырмаларыма әдейі қызығушылық таныттым, ал ол біздің бағдарламаларда нақтыланған. Әсіресе, жұмыспен, ауыз сумен қамтамасыз ету және ТКШ-ны қайта құру мәселелері бойынша. Бұл бағдарламалар әр адамға қатысты, қарапайым азаматтардың мүддесін жақтайды, сондықтан барлық облыстардың тиісті жұмыстарды жүргізуіне қатаң бақылау орнату қажет. Ал олар ол жұмыстарды атқарып жатыр, оған менің көзім жетті. Бізде қазіргі күні барлық бағдарламалар дайындалған: индустриалдық бағдарлама бізде бар, аграрлық кешенді дамыту, әлеуметтік мәселелер бойынша бағдарламалар бар, медицинаны, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, адамдарды жұмыспен қамту, ТКШ, ауыз суға қатысты бағдарламалар да бар. Барлық бағдарламалар жасалған, қаржы бөлінді, қазіргі күні экономиканың дамуы мен адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған осы бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселесіне бақылау орнату шаруасы тұр. Сондықтан Үкімет осыны басты назарда ұстауы тиіс, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.