Биыл БҚО-да егіс алқабы 420 мың гектарды құрамақ

ОРАЛ. 30 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биыл БҚО-да егіс көлемі 420 мың гектарды құрамақ, соның 400 мыңына жаздық дақылдар егілсе, 20 мыңы - күздік бидай.
None
None

Өткен жылғымен салыстырғанда, биылғы егіс алқабы 113,2 мың гектарға қысқарып отыр.

Өткен жылдары көктем ерте шығып, облыста егіс жұмыстары ерте көктемде басталып кететін. Биыл олай емес, жердегі ылғал мол болғандықтан, топырақ әлі қызбай тұр. Оңтүстік аудандарда ғана күннің, топырақтың жылынуына орай көктемгі дала жұмыстары басталып жатыр. Жәнібек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Сырым аудандарының шаруалары ылғал жабу жұмыстарына кіріскен. Ал Орал қаласына қарасты және Теректі, Зеленов аудандарының шаруашылықтары бұл жұмысты енді-енді бастауда.

- Биылғы қысқартуға ұшыраған 113,2 мың гектар егіс алқабын парға қалдырып, тамыз, қыркүйек айларында күздік дақылдар егеміз. Ауа райы күрт өзгермелі біздің аймақта күздік бидай өнімі шығымды болып келеді, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Денис Омашев. - Былтыр күздік негізінен Бөрлі, Теректі, Зеленов аудандарында, барлығы 20 мың гектарға егілді.

Биылғы жаздық дақылдар егісінің құрылымындағы 270 мың гектарды бидай алады. Арпа 113,6 мың, тары 8,9 мың, нұт 4,2 мың, сұлы 3,3 мың гектарды құрайды. Күнбағыс майы зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 54,4 мың гектарға майлы дақылдар егу жоспарланған. Оның 42,6 мыңы - күнбағыс. 11,3 мың гектарға күздік арыш егілгенін ескерсек, жалпы майлы дақылдар аумағы 65,7 мың гектар болады. Бірақ бұл өткен жылғы майлы дақылдар егістігі аумағынан 19,9 мың гектарға кем.

Көктемгі егіске 43,1 мың тонна тұқым қажет болса, соның 24,2 мың тоннасы шаруашылықтардың өздерінде сақталған. Ал жетпей отырған 18,9 мың тонна тұқымның мәселесі облыста шешілген. Сөйтіп, өткен жылдары жергілікті тауар өндірушілерден мемлекеттік қорға сатып алынған бидай тұқымы қазір облыс шаруаларының кәдесіне жарап-ақ тұр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс жұмыстарына 20 мың тонна бидай тұқымы бөлінді. Оның әр тоннасы 26 мың 500 теңгеден ұсынылуда. Қазіргі уақытта операторлар анықталып, облыс астық қабылдау кәсіпорындарынан тұқымдық материал алу жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ «Батыс Күнбағыс» АҚ қызмет-дайындау орталығы арқылы күнбағыстың 140 тонна тұқымын бір орталықтан сатып алу жұмыстары ұйымдастырылған. Күнбағыс тұқымы Шығыс Қазақстан облысынан алынған. Одан басқа осы орталық 100 тонна қыша тұқымын саттыққа шығарды. Бүгінде майлы дақылдар тұқымы 2011 жылдың түсімі есебінен несиеге берілуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын картоп тұқымымен қамту жағы да ескерілген. Қарағанды облысындағы «Астра-Агро» ЖШС-дан 320 тонна (Латон, Фреска, Аладин тұқымдары), Ресейден 180 тонна тұқымдық картоп сатып алынған. Басқарма мәліметіне қарағанда, 110 гектар картоп, 143 гектар көкөніс өсіруге тамшылата сауару әдісі қолданылмақ. Мұндай технологияны пайдалану өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бес гектарға ұлғайып, 253 гектарды құрап отыр.

- Облыста көктемгі далалық жұмыстарға қатысатын техникалардың әзірлігі жаман емес. Зеленов, Сырым, Теректі, Бөрлі аудандарының тракторлары 98 пайыз жөнделген. Егіске облыс бойынша 2670 трактор, 27630 тырма мен 4522 тұқым сепкіш және өзге «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» сықылды өнімділігі жоғары кешендік техника қатысады деп жоспарланған, - деді ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Сергей Выдрин. - Биылғы егіске облысқа 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жанар-жағармай жөнінен оператор болып табылатын «Қазмұнайгазөнімдері» мекемесі арқылы отынның литрі 68 теңгеден босатылуда.

Облыс диқандары жаздық егісті 10-12 күннің ішінде бітірмек ниетте.

Соңғы жаңалықтар