Биыл Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы қалпына келіп қана қоймай, ұлғаятындығына сенімдімін - Н.Назарбаев
Ол бұл пікірін бүгін Ақордада Украина басшысы Виктор Януковичпен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында білдірді.
«Қазақстан біздің елдер арасындағы өзара сауда-саттықтың нығаюына, тауар айналымының ұлғаюына зор маңыз береді. Келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуы үшін бәрін жасайтын болады», деді өз сөзінде Н.Назарбаев.
Елбасының айтуынша, 2009 жылы әлемдік экономикалық дағдарыстың қиындығына қарамастан тауар айналымы 3,4 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда 17 пайызға төмен.
«Біз биыл тауар айналымын қалпына келтіретіндігімізге, ол көрсеткішті ұлғайтатындығымызға сенімдімін», деді Н.Назарбаев.
Осы орайда Президент сауда-саттық саласындағы жұмысты нақтылау үшін Қазақстан мен Украина арасындағы үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, жыл сайын оның отырысын өткізіп отыру келісілгенін айтты. Сондай-ақ Президент бұл комиссия жұмысы барысында Қазақстан мен Украина арасындағы «Жол картасы - 3» ынтымақтастық жоспарына баса көңіл бөлу керектігін атап көрсетті.