Биыл СҚО мен Ресей арасындағы тауар айналымы 302,2 млн. долларды құрады
СҚО әкімі шекаралас Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен тұрақты байланыс орнатылғанын атап өтті.
«Жыл басынан бері 11 іскерлік кездесу өтті, 25 құжатқа қол қойылды. Ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасып келеміз. Ресей Федерациясынан әкелінетін тұқым көлемі жыл сайын артып келеді. Алдағы уақытта да мемлекетаралық байланыс дамып, шекара маңындағы аймақтардың дамуына үлес қосады деп сенемін», - деді Ерік Сұлтанов.
Михаил Бочарников өз кезегінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өсіп, түрлі салаларда ынтымақтастық нығайып келе жатқанын айтты.
«Еуразиялық экономикалық одақ тұрақтылыққа септесіп жатыр. Оның жұмысының алғашқы жылында-ақ жақсы нәтиже көріп отырмыз. Қазіргі экономикалық жағдайда елдеріміз арасындағы тауар айналымы сәл төмендегенін көріп отырмыз», - деп атап өтті Михаил Николаевич.
Жиында тараптар алдағы жұмыстың басым бағыттарын анықтады. Мәселен, СҚО-дан РФ-ға ірі қара малдың етін тасымалдау туралы сөз қозғалды.
Қаңтар-қыркүйек айларында СҚО мен РФ арасындағы тауар айналымы 302,2 млн. АҚШ долларын құрады.