Биыл түркі тілді мемлекеттер үшін аса маңызды жыл - Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Н. Әбдіров Анкара қаласында өткен «Түрік дүниесі қарым-қатынастарындағы жаңа қадам: Нахчыван Рухы» симпозиумында сөз сөйледі.
- Алқалы басқосуда түркі тілдес халықтардың бірлігі, Елбасының бастамасымен құрылған түркі тілді Парламенттік Ассамблеясының рөлі жөнінде ой қозғалды, деді депутат.
Былтыр, 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Түркі тілді мемлекеттер басшылары тарапынан қол қойылған құжат бүгінде тарихи мәнге ие болуда. Түркі әлемі үшін тарихи маңызы ерекше бұл келісімнің әсері мен ықпалы жыл өткен сайын арта түседі деп сенемін. Бүгінгі симпозиумның осы келісімге арналып отыруы да сөзіміздің айғағы. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері түркі әлемі мен Еуразияда ынтымақтастық пен ықпалдасудың белсенді бастамашысы болып келеді. Мұнда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше зор.
Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 2006 жылы Анталия қаласында өткен түркі тілді мемлекет басшыларының кезекті саммитінде, түркі тілді мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы мен Түркі әлемі Ақсақалдар алқасын құру туралы бастама көтерді. Осы құрылымдар мен Нахчыванда тағы да Елбасы Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған Түркі тілді мемлекеттердің Кеңесі бүгінгі мәжілісімізге өзек болуда. Мен Қазақстан Парламентінің депутаты ретінде Түркі тілді мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына ерекше тоқталғым келеді.
Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл маңызды құрылым бүгінде жемісті қызмет атқаруда. Біздің елдердің Парламенттері арасында ынтымақтастық нығая түсуде. Сонымен қатар таяуда Астанада Түркі әлемінің Академиясы және Ақсақалдар алқасы құрылады.
Міне, осының бәрі Қазақстан тарапының Нахчыван келісіміне бастамашы ғана емес, оның табанды түрде жүзеге асырушылардың бірі екенін айғақтайды. Биыл түркі тілді мемлекеттер үшін аса маңызды жыл. Биыл Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Түркия Қазақстанның бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық шаралары мәслихатына жетекшілік жасайды. Түркия Еуропа одағы Парламенттер Ассамблеясына төрағалық етуде. Сондай-ақ, 2011 жылы Қазақстан Түркияның ұсынысымен Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық етуге әзірленуде.
Осы маңызды, тарихи мәні зор, беделді ұйымдарға жетекшілік ету барысында түркі тілді мемлекеттердің өзара ықпалдастығы мен бірін-бірі қолдауы Нахчывандағы Келісімнің өміршеңдігін арттыра түседі деп ойлаймын. Бұл біздің баршамызға үлкен жауапкершіліі жүктейді, дейді Н. Әбдіров.