Биыл Тянь-Шань тауларына спорттық саяхатпен келетіндер саны күрт өсуі мүмкін - Қазақтың туризм және спорт академиясының деканы
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «ҚР-ның 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы қаласында туризм саласын дамыту» деп аталатын республикалық семинарда сөз болды.
«Алматы қаласында мәдени-танымдық туризмді дамытудың негізгі 3 мәселесі бар. Біріншісі, туристік бизнеске қатысты қате түсінік. Онда мәдени-танымдық турлардың ұтымды мазмұны мен әлеуметтік-экономикалық тиімділігі көбіне-көп ескеріле бермейді. Екінші, қажетті инфрақұрылымның болмауы. Оның ішінде мәдени-танымдық нысанға баратын жолдағы коммуникация мен ескерткіштердің аумағы. Үшінші, жергілікті өкілетті органдардың мәдени-танымдық туризм мәселесін шешуге жеткілікті деңгейде қатыспауы», - дейді Қазақтың туризм және спорт академиясының туризм факультетінің деканы Владимир Вуколов. Оның айтуынша, қазір экскурсиялардың ұзақтығы бір тәуліктен аспайды. Оны 2 және одан көп тәулікке созып сауықтыру сипатына да көңіл бөлу қажет. Оның халықтың денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартуға және еңбекке қабілетін арттыруға үлкен әсері бар. Оны компанияның табысы мен бюджетке төленетін салығының көлемімен өлшеуге болмайды.
Владимир Николаевичтің сөзіне қарағанда, «Ешбір туристік компания мәдени нысандардың инфрақұрылымын өз күшімен жасай алмайды. Оны мемлекет жүргізуі керек. Биыл Ресейде федералдық қауіпсіздік қызметі Кавказ тауларына лаңкестік қаупіне байланысты спорттық саяхатқа тыйым салып отыр. Осыған орай Тянь-Шань тауларына келетін саяхатшылар саны күрт өсуі мүмкін. «Ұлы Жібек жолын» жаңғырту үшін құзырлы органдар көрші елдермен арадағы шекаралық бекет мәселесін шешуге көңіл бөлуі қажет».