Биыл Үкімет көктемгі егіс жұмыстары үшін ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге жанар-жағармайды арзандатылған бағамен беретін болады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маған еліміздің ауылшаруашылық секторының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген депутаттар тобынан ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жанар-жағармайдың бағасын арзандату жөнінде сауалдар келіп түсті. Бұл мәселе туралы Үкіметтің ішінде, жұмыс топтарында, ауылшаруашылығы саласындағы мамандармен қызу пікір таластар болды. Себебі, қандайда бір арзандату бір нәрсенің есебінен болады. Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев осы уақыт ішінде мұнай өнімдерін өндірушілермен, өңдеушілермен тыңғылықты жұмыс істеді. Біз кеше, мынадай шешім қабылдадық. Биылғы көктемгі егіс науқанына арзандатылған жанар-жағармай беріледі», деді отырыста Премьер-Министр.
Осы орайда Үкімет басшысы «Нұр Отан» партиясынан арзандатылған жанар-жағармайды ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге жеткізу үшін қолдау көрсетуді сұрады.
Оның айтуынша, бұрнағы жылдары егіс жұмыстарына арналған жанар-жағармайлардың діттеген мақсатқа жетпей, нарықта қалып қойғаны және одан бәз біреулердің пайда тапқан фактілері тіркелген.
«Нұрлан Зайроллаұлы, бұл үдерісті басқару үшін қоғамдық бақылауды ұйымдастыру қажет», деді К. Мәсімов «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулинге қаратып айтқан сөзінде.
Премьер-Министрдің айтуынша, халықты отандық нарықта өндірілетін жанар-жағармайдың барлық түрлерімен қамтамасыз ету және мұнай өнімдері бағасының тұрақтылығын ұстап тұру маңызды мәселе. Осы орайда Үкімет мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және айналымын мемлекеттік реттеу туралы принципті шешім қабылдады. Тиісті заң жобасын әзірледі.