Биыл Жаңақала ауданы орталығын Орал қаласымен жалғастыратын жол салынып бітпек - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Жаңақала ауданы орталығын Орал қаласымен жалғастыратын қатқыл табанды жол салынып бітпек.
None
None

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Асқарбек Жақсығұловтың сөзіне қарағанда, 2015 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар құрылысына 5,5 млрд. теңге бөлінген болатын. Осы қаржыға 100 шақырым жол салынуда. Атап айтқанда, Ақсай-Шыңғырлау, Аңқаты-Сарыөмір, Чапаев-Жаңақала-Сайқын, Орал-Кирсанов, Жымпиты-Қаратөбе жолдары күрделі жөнделуде. Соның ішінде Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылына қарай тартылып жатқан жол құрылысы аяқталмақ. Сонда өңірде Орал қаласымен қатқыл табанды жол байланысы жоқ Қазталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының орталықтары қалады.

Өткен жылы бұл мақсатқа 7,2 млрд. теңге бөлініп, 60 шақырым жол ретке келтірілген болатын. Соның нәтижесінде Қаратөбе мен Шыңғырлау ауданы орталықтарына қатқыл табанды жол жеткен еді. Соңғы кезде бірқатар аудан орталықтарының көшелеріне де қатқыл табанды жол төселуде.

Айта кетейік, Батыс Қазақстанда жалпы ұзындығы 5140 шақырым жергілікті жол болса, соның 22 пайызы ғана қатқыл табанды, қалғаны қиыршық тасты және топырақты болып келеді.

Соңғы жаңалықтар