Биылғы жолдау да стратегиялық бағытты меңзейді

Өйткені, бұның бәрі де елдің, тұрмыстың үнемі жақсарып келе жатқандығына, Қазақстанның алдағы ұлы болашағынан зор үміт еткендіктен ғана туындап отырған қажеттіліктер еді. Шынында да, Қазақстанның аймақта да, әлемдік экономикалық үрдісте де ақырындап жолы болып келе жатыр. Осыдан бес-он жыл бұрын, «елдің экономикасында үлкен бір сілкіністер болып жатыр, Қазақстан дамудың қай жағынан да көп елдерден алда келеді, көп елдер біздің елге, біздің елдің тұрмысына, халқымыздың ішім-жемі мен киген киімдеріне дейін қызыға қарайтын болыпты» дегенге көпшілік аса көп сене бермейтін еді. Бірқатарының кәсіпкерлігі артып, бірқатарының бірнеше жылжымайтын мүліктері болып, ендігі бірқатарының тұрмысы шырқап бара жатса да, тұтастай елдің жағдайы жеке кәсіпкер, жекелеген кәсіпкерлік шаруалардың нарқымен бірге ілгеріліп, дамыған үстіне дамып келе жатса да, соған біртүрлі көңілдері сене алмайтын. Өмір бертінде бәрін де орын-орнына келтірді. Өзіміздің өсіп, өркендеп, қанатымызды кеңге жайып келе жатқандығымызды өзіміз анаукерім аңғара бермегенмен, өзгелер айтудай-ақ айтып, жаза бастады. Іргеміздегі кешегі күркіреген алып Ресейдің өзінен келген экономист-мамандар мен ғалымдардың өздері де кей ретте «Қазақстан көп жағдайда біздің елден озып кетті, дамудың озық жолына бет алды» дегенді жиі айтатын болды. Көңілдегі сенімсіздік дегенді қойсайшы, профессор, академик бастарымен әлгілер әлгіндей деп тұрғанда да, соған сенбейтін едік-ау. Бірақ, кешегі әлемді шарпыған дағдарыс дауылының кезінде еліміздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қандай бағыт ұстанып, қалайша қауқарлы болып үлгергендігін ел тұрғындары ептеп түсіне бастады. Көп елдер экономикалық дағдарысқа қауқарсыздық танытып, түрлі тұрақсыздықтарға белең алдырып жатқанда, Қазақстан бұл «белесті өткелден де» еш сүрінбей өтті. Әлемді шарпыған дағдарыс құйынының екпіні еңсерілгенде, ел үкіметінің де иығынан бір ауыр жүк түскендей болғандығы тағы бар. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та талайғы биік мінберлерден жеріне дейін жеткізіп айтты. Үкіметтік деңгейдегі кадрларды төмпештеп, ұрса бермей, дағдарыс кезіндегі біліктіліктері мен іскеріліктеріне де айтарлықтай бағасын берді. Елдің дамуы, экономикалық жағдайы, келер күндердің қамы, отын энергетикасы, әлемдік ауқымдағы интеграциялық қатынастар, баға, жол, тасымал, халықтың тұрмысы, әл-ауқаты деген мәселелер де бір сәтке естен шығарылған емес.
Біздіңше, Елбасымыздың кешегі «Нұр-Отан» партиясы саяси кеңесінің мәжілісіндегі Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы да елдің қамы, халықтың қазіргі және келешек жағдайымен өте тығыз байлданысты болғандығы тағы көп жәйттерден де хабар берер еді.
Ең бастысы, қазіргі кезде елдің ішкі жағдайына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл да біздің Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі іс-шараларға белсене қатысып, әлем халқы мен әлемдегі өзге елдердің жағдайларына, ондағы халық үшін атқарылып жатқан шаруаларға байланысты көңілге түйген жәйттері мен елдегі қазіргі қалыптасқан жағдайды белгілі бір мақсаттарға бағыттап, тура жолға салудың қамынан туындап отырған стратегиялық бағдарлама деуге толық негіз бар.
Бұл жолғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі елдегі іскерілік жағдайды қалыптастыру бағытын ұстануында дер едік. Іскерілік, іскерілік, тағы да іскерілік. Ендігі жерде ел экономикасын үнемі алға сүйрейтін де осындай басты қасиеттер болса керек.