Биылғы жыл Қызылорда облысында жылыжай жүйесінің өркен жайған кезеңі болады
деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда облыс аумағында 3,5 гектар жердің аумағын алатын 52 жылыжай бар. Өткен жылдың соңында «ЖанРосс ХХІ ғасыр» өндірістік кооперативі Арал ауданынан жалпы ауданы 0,4 гектарлық 2 жылыжайды пайдалануға беріп, басталған істің іргесін тереңдете түсті. Құрылғанына әлі жыл тола қоймаған бұл кооператив қысқа мерзім ішінде кең көлемдегі жұмыстарды жүзеге асырып үлгерді. Соның бастысы, оның «Тыңайтқыш сығындысын өндіру және жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру» жобасы облыстағы инвестициялық жобалар қатарына енгізілді. Бұл жобаның жалпы құны - 110 млн. теңге. Ал бұл қаржыны кооперативтің өзі тауып отыр. Жобаның негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы саласына қажетті сапалы тыңайтқышты өндіру мен оған сұраныс жасаушы құрылымдарды толықтай қамтамасыз ету болып табылады.
- Адамзат баласы соңғы жылдары жерді белсенді пайдалана отырып, оған көп мөлшерде химиялық тыңайтқыштарды құйды. Зиянкестермен күресуде пестицидтерді пайдаланды. Мұның барлығы экологиялық жағдайды төмендетіп жіберді, - дейді кооператив төрағасы Бақытжан Қосжанов. - Сондықтан көкөніс өнімдерін өндіруде қолдан жағдайы жасалатын жылыжайлар жүйесіне айрықша көңіл бөлетін мерзім де келді. Бұл бір жағынан біздің экологиялық жағынан таза өнім алуымызға мүмкіндік береді.
Қазір тыңайтқыш өндіруді қолға алған кооператив сол өніммен көкөніс өсіру мақсатында жалпы құны 17 млн. теңгенің екі жылыжай құрылысын салуда. Бұл құрылысты жүргізіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының «Жеміс ЛТД» ЖШС санаулы күндерден кейін оның алғашқысын пайдалануға бермекші. Жалпы, кооператив жаңа өндіріс орны мен жылыжайға бүгіннің өзінде жергілікті жерден 60 адамды жұмысқа тартқан. Осы мамандардың білімін жетілдіру мақсатында ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жылыжай кешенінде тәжірибеден өткізсе, ал өндірістік технологтарды Ресейде оқытуды жүзеге асыруда.