Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында алматылық соттарда жазалау үкімдері 29 пайызға төмендеді - Б. Қараманов
Алматы қалалық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқасының төрағасы Бақытжан Қарамановтың айтуынша, осы кезеңде қала соттарына 73 мыңнан астам іс түскен. Олардың ішінде азаматтық істердің саны - 52 491, қылмыстық істер - 2636, ал әкімшілік істердің саны - 18260. Осы кезеңде барлығы 59 982 іс жабылған.
«1528 адам сотталып, 18 адам ақталды. Ақталу бойынша көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. 910 адамға қатысты іс тоқтатылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш - 825 болатын. Яғни, алматылық соттарда жазалау үкімдері 29 пайызға төмендеді», - деді апелляциялық алқаның төрағасы.
Ол сонымен қатар, Алматылық судьялардың тым жұмысбасты болып кеткендігін, оларға көп салмақ түсіп жатқандығын айтты. Ең көп жүктеме Наурызбай ауданында байқалады - онда бір судьяға 150,7 істен келеді. Ал бұл, нормативтен 122,52 іс артық. Ал Медеу ауданында айына бір судьяға 60,8 іс келеді екен. Демек, 32,62 іс нормадан жоғары деген сөз. Қазіргі таңда қалада судьялардың штаты 262 адамды құрайды.
«Әрине, мұндай ауыр жүктеменің әсері болмай қоймайды. Сондықтан да істерді қарау барысында заңдылықтар бұзылып, басқа да кемшіліктер орын алып жатады. ҚР Жоғары соты қалыптасқан жағдаймен жақсы таныс. Меніңше, жуық арада осы мәселеге қатысты нақты шешім шығарылады деп ойлаймын», - деді Б. Қараманов.