Биылғы жылы ауыл шаруашылығына «ҚазАгро» холдингі 78 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттайды

Оның сөзіне қарағанда, «ҚазАгро» ұлттық холдингі 2013 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтты. «Жалпы, алдағы егіс науқанына және содан кейінгі өнімді жинауға холдинг 78 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттауды жоспарлап отыр»,-деді Н. Сарыбаев.
Белгілі болғанындай ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыру 60 млрд. теңге сомасындағы тартылған бюджеттік несие есебінен, «Ауыл шаруашылығын Қаржылай қолдау қорының» 600 млн. теңге көлеміндегі меншікті қаражатының, Азық-түлік корпорациясының мемлекеттік ресурсқа астықты көктемгі-күзгі сатып алу үшін бөлінген 13,75 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, Аграрлық несие корпорациясының меншікті қаражаты есебінен несие серіктестіктер арқылы несиелеуге 4 млрд. теңге қарастырылады.
«Қазіргі уақытта «ҚазАгро» холдингінің шаруашылықтардан жалпы 48,7 млрд. теңге сомасына 405 өтінім келіп түсті. Оның 303 өтінімі «Аграрлық несие корпорациясына, 102 Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тиесілі. Қазіргі таңда жалпы сомасы 10,68 млрд. теңгенің 208 өтінімі мақұлданды»,-деді басқарма төрағасы.