Біз адами қарым-қатынастардың қандай жүйесін қалыптастырсақ, сондай ортада өмір сүретін боламыз - Қ. Мәми

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Біз адами қарым-қатынастардың қандай жүйесін қалыптастырсақ, сондай ортада өмір сүретін боламыз.
None
None

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми өзінің блогында «Рақымшылық туралы заң қайта қарала ма?» деген мәселеге қатысты өз пікірін осылай білдіреді. 

«Рақымшылық жасау - жазаны жеңілдету немесе сотпен сотталған тұлғаларды жазадан босату, сондай-ақ, жоғарғы биліктің арнайы актісі негізінде іске асырылатын қылмыстық ізге түсуді тоқтатуды білдіреді. Әлемнің көптеген елдерінде қолданылады және елдегі ізгілік күйінің айрықша өлшемі болып табылады. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2012 жылдың 22 қаңтарында күшіне енді (9 б.) және осы күннен бастап алты ай ішінде (8 б.) орындалуы тиіс.

Рақымшылық жасау туралы Заң онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарына: кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге, зейнеткерлерге, I, II және III топтағы мүгедектерге бағытталған. Сонымен бірге, барлық қылмыстық істердің, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын тұлғалармен осы Заң күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстар жөнінде соттармен қаралған істердің тоқтатылуы көзделеді», - деп жазады өзінің блогында Сенат спикері.

Сонымен қатар, Төраға сарапшылардың мынадай мәліметтерін алға тартады: Қазақстанда 100 мың халық санына 300-ден астам сотталған келеді. (Салыстыру үшін: Өзбекстанда 100 мың халық санына 130 сотталған келеді, Тәжікстанда -133, Қырғызстанда - 174 ). «Бүгінгі таңда рақымшылық жасау туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі талқыланбайды. Рақымшылық жасау мәселесін шешу тұтастай алғанда Парламент өкілеттілігіне кіреді (Конституцияның 54 б. 1 т. 6 т.), ал заң шығару бастамасы құқығына Президент, Парламент депутаттары және Үкімет ие (Конституцияның 61 б. 1 т.). Қажет болған жағдайларда осындай бастамамен оларды белгіленген тәртіпте қарайтын Парламентке тек олар ғана жүгіне алады. 
Кейбір тұлғаларда рақымшылық жасаудың жөнділігі күмән тудырады. Олардың пікірі бойынша, қылмыскер оған тағайындалған мерзімді толығымен «отырып шығуы» тиіс. Өзге жағдайда, бұл жазаның сақтандыру рөлін төмендететін, оларды қайта тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетін тәрізді. Тәжірибе көрсеткендей, жазалау қатаңдығы мен оны одан әрі қаталдатудың қылмыстылық деңгейіне әсері шамалы.

Олай болатын болса, дене жарақаттарын келтіру түріндегі жазалар (азаптау, қол-аяғынан айыру және т.б.) мен өлім жазасы көзделген елдерде қылмыстық әрекеттер түп-тамырымен жойылған болар еді. Алайда іс жүзінде олай емес. Көп жағдайда бұған себеп рөлін әлеуметтік факторлар атқарады. Тұлғаның психофизиологиялық пен моральдық-өнегелілік ерекшеліктері, дәстүрлер мен діл, және де ең бастысы, азаматтардың бір-біріне деген қатынасының орны ерекше, бұл арада көп нәрсе біз бен сіздерге, әрекеттерімізге, жасампаз әлде талқандаушы қуат, жақсылық не жамандық тарататынымызға тәуелді. Біз адами қарым-қатынастардың қандай жүйесін қалыптастырсақ, сондай ортада өмір сүретін боламыз», - деп жазады Қайрат Мәми.

Соңғы жаңалықтар