Біз бірліктің, сенімнің, көпұлтты Қазақстан халқының ынтымағының арқасында тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық - Мемлекет басшысы

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне байланысты өтіп жатқан мерекелік шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін біз бұл мерекені - Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше атап өтудеміз. Мен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын»,-деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Елбасы бүгінгі мерекенің республиканың барлық ауылдарында, аудан орталықтарында, қалаларында, бүкіл ел халқын біріктіретін күн ретінде атап өтіліп жатқандығын баса айтты. Сонымен қатар таяуда өткен ҚР Президентінің сайлауы барысында Қазақстан халқының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірліктің, ынтымақтың үлгісін көрсеткенін тілге тиек етті.
«Бірліктің, сенімнің, біздің көпұлтты Қазақстанның ынтымағының арқасында тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Біз экономиканы нығайттық, адамдарымыздың сенімді болашағын жасадық. Ауылдар, қалалар салудамыз, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын көтерудеміз, университеттер салудамыз. Біздің балаларымыз шет елдерде білім алуда. Осының барлығына еліміздің ынтымағы, тұтастығы арқасында қол жетті»,-деді Н. Назарбаев.
Әлемде көптеген зауыттардың тоқтап, адамдардың жұмыссыз қалып жатқандығын айта келе Мемлекет басшысы елімізде жаңа кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқандығын еске салды.
Сондай-ақ әлемде діндер арасындағы қақтығыстардың орын алып, қан төгіліп жатқандығын айта келе, «Біз бірлікті көрсетіп отырмыз. Американдық танымал журналист айтпақшы:"бүкіл әлем дағдарыс шырмауында. Ал Қазақстан жаңа Астана салуда". Шындығында солай. Мұның барлығына еліміздегі бірліктің, ынтымақтың, тұрақтылықтың арқасында қол жеткіздік»,-деді ҚР Президенті.