Біз ғылым өзін-өзі қаржыландыратын деңгейге жеткен жоқпыз - Ә. Бектібаев

АЛМАТЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандағы өндіріс орындары қазба байлықты қаншалықты ысырапсыз өндіріп жатқаны әлі белгісіз боп қалуда. Бұл Парламентте талқыланып жатқан "Ғылым туралы" жаңа заң жобасында ескерілуі керек.
None
None

Бүгін Алматыда ұйымдастрылған "Д.А.Қонаев және оның уақыты" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында осы туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Д. Қонаев атындағы тау-кен институтында жер қойнауындағы барланған қорды қазып алуды зеттеумен айналысатын 17 зертхана бар. Біз кенді ысырапсыз өндірудің технологиясын жетілдірумен айналысамыз. Бұл бағытта кей мәселелерде әлемдік деңгейдеміз, ал кейбірінде артта келе жатырмыз. Мәселен, қазір бізде қазба байлықтарды өндіруде кемшіліктер орын алып жатыр. Қаржының жеткіліксіздігінен зерттеу жұмыстары кешеуілдеуде. Қазір өндіріс орындары түгелдей жеке қолға көшіп кеткендіктен, олар «мәліметтер өндірістік құпия» деп ғалымдары кеніштегі өндірістік үдерістерді зерттеуге жібермейді. Сондықтан, онда қандай технологиялар қолданылып жатыр, оны қалай жетілдіру керек және бұл жұмысқа қанша қаржы бөлініп жатқанынан біз бейхабармыз", дейді техника ғылымның докторы Әділғазы Бектібаев. Халықаралық минералдық ресурстар академиясы академигінің айтуынша, өндіріс орындары зерттеу инстиуттарына технологияны жетілдіруге мүмкіншілік бермейді. Сондай-ақ оларға бұл жұмыспен айналысуға қаржы бөлуге құлықсыз. "Мұндай жағдай тек бізде ғана орын алып отыр. Басқа елдерде ғылыми зерттеуге кедергі жоқ. Технологияны үздіксіз жетілдіру заңмен бекітілген. Қазақстан бұл мәселеде өзгелерден қалып қойды. Мәселен, қазір Д. Қонаев атындағы тау-кен істері инстиутында қаржының жеткіліксіздігінен 17 зертхананың бесеуінде қызметкерлер ақысыз демалыста жүр. Ал олардың ақыл-ойы қоғам игілігіне әлі де қызмет ете алады. "Ғылым туралы" жаңа заң жобасында бұл мәселе ескерусіз қалмауы керек. Оларды қолдап, дамыту үшін базалық қаражат бөлінуі қажет. Біз ғылым өзін-өзі қаржыландыратын деңгейге жеткен жоқпыз", дейді Д. Қонаев атындағы тау-кен істері институтының зертхана меңгерушісі Әділғазы Бектібаев.

Соңғы жаңалықтар