12:57, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Біз халыққа елдегі экономикалық және әлеуметтік бағыттағы мәселелерді мейлінше терең түсіндіре білуіміз қажет ? Қ.Тоқаев
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының рөлі қазіргідей жағдайда айрықша мәнге ие.
Өйткені Елбасы партияның дағдарысқа қарсы қозғалыстың басында болуы қажеттігін ескерткен болатын. Бұл біздің барлығымызға үлкен жүк артып отыр», - деді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Нұр Отан» партиясының жетекшілерімен басқосу барысында.
Сенат Төрағасы партия өкілдерінің Үкіметпен және жергілікті органдармен бірлесе отырып, қоғамдағы өзекті мәселелер мен елде қолға алынып отырған шараларды іске асыруды және оған бөлінген қаражаттардың тиімді пайдаланылуын қатаң бақылауға алу қажеттігіне назар аударды. «Қазіргі таңда барлық мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде әсіресе, Парламент депутаттарының халық алдындағы жауапкершілігі арта түсуі тиіс. Біз аймақтарда халықпен жүздесіп, оларға елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттағы мәселелерді мейлінше терең түсіндіре білуіміз қажет. Біз халықты бірлік пен ынтымақта болуға шақыруымыз керек. Халқымыздың бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында неше түрлі қиын-қыстау күндерді бастан өткеріп, оларды жеңіп шыққанын тарих көрсетіп отыр. Демек біз қазіргі дағдарыстың да уақытша құбылыс екендігін және жұмыла жұмыс істесек, одан да емін-еркін шығатынымызды халыққа жеткізуіміз керек», - деді Қ.Тоқаев. Оның айтуынша, партия мүшелері Елбасы Жолдауында көтерілген стратегиялық мақсаттардың орындалуын ерекше бақылауға алуы тиіс. «Парламентшілер бұл іске бір кісідей атсалысуы керек», - дейді Сенат Төрағасы.