Біз Қазақстанды жоғары сападағы құбырлармен қамтамасыз етіп, ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз - В. Тазетдинов

АЛМАТЫ. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Біз Қазақстанды жоғары сападағы құбырлармен қамтамасыз етіп, ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз.
None
None

Бұл жайында Челябі құбыр шығару зауытының техникалық директоры Валентин Тазетдинов қазақстандық журналистермен кездесу кезінде айтты7

Кеңес өкіметінде 50-ші жылдары газ бен мұнайдың ірі көздері ашыла басталысымен оларды тасымалдау желілерін салуда құбырларға деген сұраныс туындай бастайды. Сондықтан мыңдаған километрге созылатын құбыр желісін құру қолға алынады. Ол кезде үлкен диаметрлі құбыр Украинаның оңтүстігіндегі Харцызск пен Мариупольде ғана өндірген. Бұл өндіріс орындары жылына 100-200 мың үлкен диаметрдегі құбыр шығарып келген. Сонымен қатар үлкен диаметрлі құбырлар ГФР-ден сатып алынып отырған. 1962 жылы Батыс Германияның канцлері Конрад Аденауэр үлкен диаметрлі құбырды Кеңес өкіметіне жеткізуді тоқтатады. Бұл уақытта КСРО-да «Бұқара-Орал» газ желісі мен «Дружба» мұнай құбыры салынып жатқан еді. Сондықтан Кеңес өкіметі Челябі қаласындағы үлкен диаметрлі құбыр шығаратын зауытты жандандыра түседі. Қысқа мерзім ішінде салынып біткен зауыттың алғашқы үлкен диаметрлі құбырлары "Орта Азия - Орталық" газ желісіне пайдаланылады. Сондай-ақ "Дружба", «Бұқара-Орал», «Уренгой - Помары - Ужгород», «Сургут-Полоцк, «Сібір шұғыласы», «Шығыс Сібір - Тынық мұхиты», «Балтық құбыр желі жүйесі», «Бейнеу-Шымкент» сияқты басты құбыр желілерінде пайдаланылады. "Орта Азия - Орталық" газ желісі бұл Түркіменстан мен Өзбекстанның газын Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіп, одан әрі Еуропаға шығаратын үлкен газ желісі еді.

Қазіргі уақытта Қазақстан ТМД елдері арасында бұл зауыттың өнімін тұтыну бойынша алғашқы орында тұр. Аталған зауыттың техникалық директоры Валентин Тазетдинов ЧҚШЗ Қазақстанға шығаратын өнімдерінің барлық түрін жеткізетіндігін айтады. «Дегенімен жанар-жағармай саласына қажетті үлкен диаметрлі құбырлардың үлесі жоғары. Оларды көбіне Қазақстанның «ИнтерГаз Орталық Азия», «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГаз» сияқты ірі мұнайгаз компаниялары мен «Каспий құбыр жүргізу консорциумы» пайдаланады», - дейді ол.

«Каспий құбыр жүргізу консорциумы» жобасына ЧҚШЗ 2007 жылдан бері қатысуда. 2007-2008 жылдары мұнда 40 мың тонна көлемде үлкен диаметрлі құбыр жеткізілсе, 2011 жылы 25 мың тоннаға жуық өнімін әкелмек.

Қазіргі уақытта еліміз құбыр жүргізу жүйесіндегі жобаларын дамытуда, оның басым бөлігі Қытайға көмірсутекті экспорттауға бағытталған. Мәселен, «Орталық Азиялық құбыр жүргізу» және «Бейнеу-Шымкент» жобаларын айтуға болады. «Бейнеу-Шымкент» жобасын іске асыруға 700 мың тонна үлкен диаметрлі құбыр қажет екен, қазіргі уақытта ЧҚШЗ компаниясы осы жобаға құбыр тасымалдаушылардың бірі болып кіру үшін жұмыс жүргізуде.

Айта кету керек, 2010 жылы ЧҚШЗ компаниясы Қазақстанға 1383,8 тонна өнімін жеткізген. В. Тазетдинов зауыттың өнімдерін Қазақстан Кедендік одаққа кірмей тұрғанда да жақсы тұтынатындығын айтып өтті. «Қазір біздің зауыт соңғы үлгідегі Германияда шыққан техникалық жабдықпен қамтамасыз етілген, әрі құбырды жоғары сапада, заманауи техникада өндірілген металдан жасаймыз. Ол 50 жылға дейін шыдайды және барлық талаптарға сай. Дегенмен, сауда айналымы кезінде кеденде кедергілердің аз болғандығы тиімді», - дейді зауыттың техникалық директоры.

Сонымен қатар ол қазақстандық компанияларды тек жоғары сападағы өніммен қамтасыз етіп, одан әрі ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниетті екендігін білдірді.

Соңғы жаңалықтар