Біз Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты дамытуды алдымызға үлкен міндет етіп қойып отырмыз - Кипрдің сауда, өнеркәсіп және туризм министрі Пасхалидис Антонис
Кипрдің сауда, өнеркәсіп және туризм министрі Пасхалидис Антонис бүгін Алматыда өтіп жатқан „Кипр: халықаралық іскерлік және қаржы орталығы. Кипр мен Қазақстан арасындағы ынтымақтасудың келешегі" деп аталатын бизнес-форумда осылай мәлім етті.
„Бұл біздің Қазақстанда ұйымдастырылған ең алғашқы салмақты бизнес-форумымыз. Қазақстанға ірі іскерлік серіктес ретінде үлкен мән береміз. Біздің үкіметіміз өзара қарым-қатынасымызды дамытуда алдына үлкен міндет қойып отыр. Біз осы сапар барысында тығыз ынтымақтастыққа негіз қаланады деп үміттенеміз", дейді Кипрдің сауда, өнеркәсіп және туризм министрі Пасхалидис Антонис.
Оның айтуынша, жаһандық дағдарысқа қарамастан соңғы жылдары Кипр Еуропалық Одақтағы орташа даму қарқынынан жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуде. Елдегі инфляция мен жұмыссыздық деңгейі төмен. Қазіргі заманғы құқықтық жүйе мен инвесторларға қатысты либералды саясат елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырған. Қызмет көрсету саласы бүгінгі таңда жалпы ішкі өнімнің 80 пайызын құрайды.