«Біз Көк тулы мемлекетпіз бе, әлде көп тулы мемлекетпіз бе?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Өскемен Өскемен болғалы мұндай халықаралық ірі форумды екінші мәрте өткізіп отыр. Бұдан үш жыл бұрын халықаралық инвестициялық форум өтіп, оның жұмысына шетелдік ірі компаниялар, көрші мемлекеттердің өкілдері қатысып, көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде өзекті мәселелерді талқылаған. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысып, елімізде аталмыш саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Ал бұл жолғы форумның алатын орны мен салмағы басым болмаса кем емес. Ежелден достығы мен татулығы жарасқан қос мемлекеттің басшылары Н.Назарбаев пен Д.Медведев қатысатын форумда қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі - өнеркәсіпті, инвестиция мен инновацияны алға қарай бастыру жолдарын қарастыру, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамыту, басқа да маңызды салалардың Қазақстан мен Ресейде өркен жаю мәселелерін кеңінен талқылау және бірлескен меморандумдарға қол қою мәселелері қарастырылған. Қазақстан мен Ресей арасындағы VІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына Ресейдің барлық өлкелерінен және елімізден 800-ден астам адам қатысып, маңызды мәселелер бойынша келісімдерге қол қоймақ», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бүгін өз жалғасын табатын форум жайында басылымның сейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Шырайлы шығыста оң өзгерістер көп» деген мақаладан егжей-тегжейлі оқып біле аласыздар.
Сонымен қатар бүгін жарық көрген «Айқын», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда» сынды бірқатар республикалық басылымдарда да форум жұмысы жан-жақты баяндалған.
Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлімдеме жасады. Мәлімдеме мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланып отыр. "ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Таулы Қарабақ жанжалды аймағындағы Түйісу желісі бойында оқ атуды тоқтату режімінің соңғы кездері бұзылуы жиілеп кетуін шешімді түрде айыптайды. Екі жақтан да адам өлімінің өсуі айтарлықтай дабыл қақтырады", делінген мәлімдемеде.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы сондай-ақ өзінің мәлімдемесінде оқ атпау режімін бұзудың кез келген көрінісі Минск конференциясы аясында жүргізіліп жатқан келіссөз үдерістерін тұрақсыздандырып, конструктивті үнқатысуды белсенді ету жолындағы мүмкіндіктерді шектейтінін атап көрсетеді. Осыған байланысты ол 2010 жылдың 6 қыркүйегінде жанжалдасушы тараптарды сабырлылық көрсетіп, оқ атуды тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң сақтауға және өзара айыптауларға құрылған мәлімдемелер жасаудан тартынуға шақырған Минск тобы тең төрағаларын қолдайды.
Қазір ғаламтордағы Бақыт Сәрсекбаевтың Бейжің олимпиадасынан кейін Алматы қаласы әкімдігі сыйға тартқан пәтерінің дауы жайлы жазған өтініші кеңінен талқыға түсіп жатыр. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Контадор келеді, ал Сәрсекбаев мәңгілік» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. онда біздің спортшымыздың 5 миллион долларды қалтасына басып, жел айдаған ебелектей қай жерде пайда көбірек, соған жүре беретін шабандоз Альберто Контадор емес екендігі баса айтылған. «Бақыт Сәрсекбаев - қазақ спортының бір шыңы. өрмелеп жылан шығатын емес, қыранның қанаты талып әзер жететін шыңы. Ет қызуымен елпілдеп пәтер кілтін ұсынған әкімдер де қатесін түзер. Сыйлық айтылған соң, берілуі керек. бірақ, батырымыздың бағасын жеңілдетпейікші...», деп жазады басылым.
***
«Мемлекеттік рәміздер туралы заңның» 13-ші бабының 1-ші тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы жылдары, әсіресе, Алматы көшелерінде қазақтың Көк туын емес, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының бейресми рәмізіне айналған, жарты ай мен жұлдыз безендірілген көгілдір туды автокөліктерінің алдыңғы және артқы терезелеріне іліп жүру үрдісі белең алып барады. Бұл жайында «Айқын» газетінің сейсенбілік нөмірінде жарияланған «Біз Көк тулы мемлекетпіз бе, әлде көп тулы мемлекетпіз бе?» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Тіпті қаланың ірі сауда орталықтарында айтулы ту безендірілген көлікке арналған ауа тазартқыш заттары да сатылып келеді. Бағасы да Қазақстанның Көк байрағы безендірілген ауа тазартқыштарынан 110 теңгеге арзан. Бұл мәселеге алаңдаулы ел азаматтары мұның идеологиялық аспектісінен бөлек, баға саясатының өзінде астар жатқан жоқ па деген сауалды төтесінен қояды», деп жазады басылым. Сонымен қатар көтерілген мәселеге орай бірқатар азаматтардың пікірлері де қоса жарияланған.
Осы басылымның дәстүрге айналған «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - экономика ғылымдарының докторы, академик, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Сағындық Сатыбалдинмен арадағы сұхбат «Елбасымыздың адамзат көшін ілгері жылжытушы ұсыныстары қозғаушы күшке айналады» деген тақырыппен жарияланды. Екеуара әңгіме барысында басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген академик «Қалай болғанда да әр мемлекеттің ұлттық валюталары, ал Еуроаймақта евро сақталады. Еуро ішкі рынокты қамтамасыз ететін, сондай-ақ CDR қоржынындағы валюта. Ал доллар массасы түгелдей дерлік электронды есеп айырысу жүйесінде қазіргі эквиваленті күйінде көрініс табады. Сонда әлемдегі барлық доллар тек қана электрондық ақша болып, банкноттар жойылады. Электрондық халықаралық валюта бағамы әрбір мемлекеттің ұлттық валютасына сол елдердің орталық немесе ұлттық банктері белгілейтін шендестіру коэффицентімен байланыстырылады. Мемлекеттер немесе компаниялар, сондай-ақ жеке тұлғалар халықаралық деңгей-де есеп айырысу кезінде, бар болғаны электронды карточканы пайдаланады», деген пікірін алға тартады.
***
«Астық экспортынан асығымыз алшы түсер ме екен?». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақалада азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кеңінен қозғалған. «Парламент сессиясының ашылуында Елбасы Үкіметке ішкі нарықтағы нан мен ұн бағасының тұрақтылығын сақтауды тапсырған еді. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі жақында өңірлерді аралап, астықты аймақтық ахуалын біліп қайтты. Нәтижесінде, ішкі тұрақтылықты бекемдей түсу ниетімен министрліктің барлық облыстармен және Алматы, Астана қалаларымен арада астықпен қамтамасыз ету туралы меморандумына қол қойылды. Елдің несібесіне біткен егінді ысырапсыз пайдалану енді осы пәтуа аясында жүзеге аспақ», деп жазады басылым.
Жаз мезгілі басталысымен-ақ барлық сауда орындарында, көше бойында жеміс-жидек, қауын-қарбыз, бақша өнімдерінің саудасы қызады. Сонымен қатар балалардың іш ауруы да өрши түсетіндігі шындық. Осы мәселеге қатысты жайттар «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Өзбек қарбызын жеп, өкініп қалмаңыз!» деген мақалада кеңінен айтылған. Басылымның атап өтуінше, тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысында жеті бірдей бүлдіршін жұқпалы ішек ауруынан шетінепті. Ал тамыз айына дейін дәл осы ауру түрінен 2 сәби шетінеген екен. «Мамандар балалар өлімінің нақты себебін анықтауға кірісіп кетті. Олардың күдігі ала жаздай саудасы қызатын ала қарбыз бен сары қауынға түсіп отыр», деп жазады басылым.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арымен арадағы сұхбат «Сезім арқылы намыс туады» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіменің байыбына барғыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметі жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Кеңес отырысында профессор, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтің «Қазақстандық экономиканы дағдарыстан кейін жетілдіру стартегиясы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, талқыға салынды. Баяндамада ел экономикасының қазіргі жағдайына баға беріліп, ел экономикасын үлгілендіру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті шаралар бойынша ұсыныстар берілген. Баяндаманы талқылауға ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден, Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры Меруерт Махмұтова, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов, Экономикалық және қаржылық толқуларды ертерек анықтау орталығының директоры Сара Алпысбаева және Қазақстан-британ Техникалық университетінің экономика кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Нұрсейіт пен өзге де білікті мамандар қатысты.