Біз өз өнімін экспортқа шығара алған өндірістерге қолдау жасаймыз - Премьер-Министр К.Мәсімов

Бүгін ҚР Көлік құрастырушылар одағы мүшелерімен кездескен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде К. Мәсімов бәсекеге қабілетті қазақстандық өнімді шығару мәселесіне тоқталып: «Егер біздің өнім экспортқа шығарылса, яғни ол бәсекеге қабілетті деген сөз. Осындай өнімді шығарған өндірістерге қолдау жасау қажет», деді К. Мәсімов.
Сондай-ақ, келесі жылдан бастап өндіріс ошақтарын 8 пайызбен несиелендіруге арналған жаңа бағдарламаның ашылатындығын жеткізген Үкімет басшысы: «Міне, осы сияқты мемлекеттік көмек экспортқа шыға алған кәсіпорындарға көрсетілетін болады. Ендігі кезекте біз, біріншіден, еңбек өнімділігін көтере білген, екіншіден, өндірісін жаңартқан және үшіншіден, экспортқа шыға алған өндіріс ошақтарына нақты қолдау жасайтын боламыз», деді Үкімет басшысы.