13:36, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Біз партия көшбасшысы жүктеген міндеттерді орындап келеміз ? «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елбасы өзінің Жолдауында еліміздің әлемдік қаржы дағдарысына қарсы шаралардың мүмкіндіктерін нақты көрсетіп берді.
Сондықтан да ол қалың көпшілік тарапынан түсіністік пен қолдау тауып отыр деген ойдамын. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев бүгін Парламент депутаттарымен кездесу барысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Президенттің дағдарысты еңсеру арқылы дамуға бет алу жөніндегі ой-пікірлеріне әлемдік қауымдастық та қызығушылық танытып отыр. Шын мәнінде бұл құжат дағдарысты жеңудің және сол арқылы мемлекетімізді одан әрі дамытудың темірқазығы іспеттес. Елбасы Жолдауында дағдарыспен күресте «Нұр Отан» партиясына үлкен жауапкершілік артатындығын атап өтті. Ал біз өзімізге артылған жауапкершілікті айқын сезініп отырмыз», - деді Д.Қалетаев. Бұдан әрі партияның атқарған істеріне тоқталған ол Президент Жолдауының «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелерінің заңды жалғасы болғандығын атап көрсетті. «Мемлекет басшысы партияның кеңейтілген отырысында бізге дағдарыс жағдайында елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларға белсенді араласуды тапсырған болатын. Сонымен қатар бізге дағдарысқа қарсы күреске бағытталған бағдарламаға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қадағалауды міндеттеді. Бұл тапсырмалардың ішіне әлеуметтік бағыттағы шараларды да басты назарда ұстап, халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығын сақтауды жүктеді. Осыған орай қазір партия өкілдері де бастағы бағытынан айнымай, алға қойған жоспарларды мүлтіксіз орындап келеді», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Оның айтуынша, қазір партия дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруда Үкіметпен бірлесе жұмыс істеп, шағын және орта бизнесті көтеру, агрөөнеркәсіптік кешеннің жұмысын жолға қоюға ықпал етіп келеді. Бұл бағыттағы шаралар жылжымайтын мүлік нарығында да жүргізілуде. Сонымен қатар партия көшбасшысының бастамасымен бюджет қаржысын бөлу мен игеру мәселелерін қадағалайтын арнайы комиссия құрылып, ол қазірде белсенді жұмыстар атқарып келеді. Бұған қоса партия ұлттық қор қаражатының да тиімді жұмсалуын жіті бақылауда. Ал партияның жергілікті мәслихаттардағы филиалдары жергілікті бюджеттің үнемді пайдаланылуын бақылап отыр.