Біз тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қастерлеуіміз керек - Мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербай
Кейін, яғни, 2006 жылы «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, әнұран жаңа нұсқада қабылданды. Тәуелсіз елдің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны ? қасиетті ұғымдар қатарына жататыны анық. Еліміздің әрбір азаматы бұл құндылықтарды жоғары қоятыны даусыз. Мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербай ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік рәміздер туралы өз ойын ортаға салды.
- Нұрлан Әлтайұлы, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге қатысты қандай пікірлерді алға тартар едіңіз?
- Мен жуырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев мырзаға тәуелсіз мемлекеттің басты символдары, ұрпақтар өмірбаянының өзгеше қастерлі белгісі Туымыз бен Елтаңбаға қатысты сауал жолдадым. «Елбасы өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады. Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол ? Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы. Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен барабар. Олай болатыны, тәуелсіздік ? ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты», - деп атап көрсетті. Елтаңба, Ту мен Әнұран - еліміздің тарихынан сыр шертетін, оның дүниетанымын айқын көрсететін, тәуелсіз мемлекеттің басты символдары. Туымыз бен Елтаңба ұрпақтар өмірбаянының өзгеше қастерлі белгісі болып қала бермек. Еліміздің мемлекеттік рәміздеріне азан шақырып ат қойып, биліктің шылбырын өз қолына алғанына міне, ағымдағы жылы маусымының 4-і күні 17 жыл толады. 1992 жылы маусымның 4-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен тәуелсіз мемлекеттің Елтаңбасын, Туы мен Әнұранын бекітті. Сөйтіп, тәуелсіз елдің өз ән ұраны мен мемлекеттік таңбасы дүние жүзіне өзін-өзі толық таныстыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Таяуда ғана қабылданған «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңда Туды, Елтаңба мен Әнұранды дұрыс қолданбағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген бап та бар. Бұл әрине, азаматтардың рәміздерге деген құрметін күшейте түспек. Сүйінбай бабамыздың: «Бөрілі басты байрағым, байрағымды көтерсем, қозып кетер қайдағым» ? деген өлең жолдары еріксіз еске оралып, қайдағыны емес, намысты қозғап отыр. Өйткені аталған заңның 5-бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс. Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Туымен бірдей болмауға тиіс делінген. Алайда, осы Заң талабы орындалмай отыр. Меніңше, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың жалауларынан Қазақстан Республикасының Туы оқ бойы озып, биік тұруы қажет деп есептейміз.
- Мемлекеттік рәміздерге қатысты заңның сақталмай, көңіліңізге қаяу түсірген сәттер болды ма? -
- Мысалы, Алматы қаласындағы Республика алаңына жақын орналасқан «GSM Қазақстан» компаниясының жалауы Мемлекеттік туымыздан әлдеқайда үлкендеу көрінеді. Оның үстіне тазалық пен ашықтықтың белгісі, мемлекетіміздің елдік белгісіне айналған көк туымыздың түсі бозғылт тарта бастаған. Мұндай мысалдарды кез келген банктер мен қонақ үйлердің алдынан кездестіруге болады. Жеке мекемелерді айтпағанның өзінде, кей жағдайларда мемлекеттік мекемелер ғимаратының төбесінде тігілген туымыздың өзі, түсі күлгін тартып оңып кеткенін, ұстынына оралып, желбіремей тұратынын да көзіміз көріп жүр. Заңда, Мемлекеттік Ту мемлекеттік стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс делінген. Ендеше бұл келеңсіздік неге қадағаланбайды. Және Мемлекеттік Ту басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша көтерілуі (тігілуі) мүмкін делінген. Олай болса неге қалаларымыздың зәулім ғимараттарында, көрнекі жерлерде, мысалы, Көктөбе, Шымбұлақ, Бурабай таулары, сол сияқты ірі қалаларымыздың кіре берісі мен шыға беріс қақпаларында Мемлекеттік Туымызды неге желбіретпеске?! Шет елден келген қонақтар, шет елде тұратын өзіміздің қандастарымыз елге келгенде ең бірінші Туымызға зер салады. Сондықтан Ұлы Жібек жолы бойындағы және еліміздің ірі қалаларын жалғап жатқан автотрассаларда мүмкіндігінше үлкен көлемде Мемлекеттік Ту, көк байрағымыз желбіреп тұратындай етіп орнатылуы қажет деп есептейміз. Мемлекеттік Туымыз ? еліміздің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмысын айқындайтын мұраты. Бүгінде әлемнің әр түпкірінде тәуелсіз елдің Туы айқындылығымен айшықталады. Отанды қорғау, патриотизм, тек қана қолға қару ұстап ел шебін қорғау емес. Өскелең ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілік, өз ұлтының құндылықтарын қастерлей білу, елінің Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарап, сол арқылы оны өзгеге құрметтете білу нағыз патриотизмді бойына сіңіру болып табылмай ма?
- Мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтуда өзге елдердің тәжірибесі қандай екен?
- Қазіргі таңда елді мекендеріміздің келбетіне қарасақ, басқа мемлекеттерден бір айырмашылығымыз, өкінішке қарай, біздің Мемлекеттік Туымыз өте сирек қолданылады. Мысал үшін, Түркия мемлекетін алсаңыз, кез келген бұқаралық жиналыста Түркияның жүздеген мың туы желбіреп тұрады. Әрине, мұның себебі де жоқ емес. Біздің мемлекетімізде 10 шақты-ақ кәсіпорынның Ту жасауға рұқсаты бар екен. Меніңше, мемлекеттік рәміздерді лицензиялау арқылы, Тудың қолдану аясын тарылту, бұл ? бұрынғы кеңес дәуіріндегі тәсілдердің көшірмесі. Егер, бұл идеяны қолдаушылардың қисынымен айтатын болсақ, бізде азаматтық тұрғыдан санағанда ең жоғарғы қасиетті ұғым Қазақстан Республикасы! Сонда біз кеудешелерге Қазақстан деген сөзді жазуға да лицензия алуымыз керек пе?! Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікті нығайту, патриоттық тәрбие ісі кешенді, терең көзқарасты қажет етеді. Біз тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қастерлеуіміз керек.
- Мемлекеттік рәміздерді асқақтату және патриоттық тәрбие туралы пайымды пікір айтқаныңызға рақмет.