Біздің сенімді досымыз және одақтасымыз Қазақстан - ұлттық мерекесін атап өтуде - Д. Медведев

МӘСКЕУ. Желтоқсанның 17-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Үлкен Кремль сарайындағы Александров залында Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков 12 дипмиссияның құрамында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевке сенім грамотасын тапсырды.
None
None

 Сәрсенбі күні, желтоқсанның 16-сында өткен тапсыру салтанатына сонымен қатар РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Ресей Президентінің көмекшісі Сергей Приходько қатысты.

 Д.Медведев шетелдік дипмиссия басшыларын құттықтады. «Сіздердің дипломатиялық жұмыстарыңыздың жаңа кезеңін аша отырып, мен шын көңілден сіздерге табыс тілеймін. Ресейдің сіздердің елдеріңізбен екіжақты байланысы тиімді дамиды деп ойлаймын», - деді ол.

 Д.Медведев қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысына қарата сөз арнай отырып, ҚР Тәуелсіздік күніне орай құттықтауын жеткізді, сондай-ақ одан арғы ынтымақтастықтың перспективасын тілге тиек етті. «Қазақстан - біздің сенімді досымыз және одақтасымыз ұлттық мерекесін атап өтуде. Мүмкіндікті пайдалана отырып, елші мырза, сіз арқылы бүкіл қазақстандық халықты осы айтулы күнмен шын жүрегімнен құттықтаймын», - деді РФ Президенті.

 «Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайту желісі біз үшін басым болып қала береді. Биылғы жылы құрылған Қазақстан, Беларус және Ресей Кедендік одағы ұзақ мерзімді экономикалық өсудің негізін қалаушы сәттерінің біріне, заманауи интеграциялық үдерістердің өзегіне айналатыны сөзсіз», - деп сөзін қорытты ол.

Соңғы жаңалықтар