Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуі тиіс - Елбасы
«Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршаңызды біріктіре түсетін ортақ ққұндылықтар бар. Ол біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз, ол біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз. Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуі тиіс. Сондықтан да, біз тамырын тереңге тартып, Тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет», -деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент ел бірлігін еселейтін бұндай құндылықтардың отаншылдық сезімін ұлықтайтынын атап өтті. «Сонда Тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болады. Бұл ретте Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерейлі меже ғана емес, болашаққа бағдар болатын лайықты белес. Еңсе тіктеген еліміздің алдында ұлан асу, биік белестер тұр. Сондықтан да, бүгінгі сессияда өзекті мәселелер талқыланып, келелі ойлар айтылатынына сенім мол. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын», - деді Н. Назарбаев.