Бізге қалай өмір сүру, елімізді қалай құруда бағыт-бағдар көрсетуге ешкімнің де құқы жоқ - Н. Назарбаев
Бұл туралы бүгін Ақордада Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Британдық журналистің Қазақстандағы адам құқығының бұзылуы туралы қойған сауалына жауап берген Мемлекет басшысы елімізге ең алғаш келгендердің барлығы да осы мәселеге қатысты сұрайтындығын баса айтты.
«Сіздер атауы «станмен» аяқталатын үш ел - Пәкістан, Ауғанстан, Қазақстан арқылы келдіңіздер. Салыстырып көріңіздер»,-деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Қазақстан демократияны дамыту жолында мығым тұрғандығын, елімізде адамның негізгі құқықтарын сақтау қамтамасыз етілгендігін баса айтты. Дегенмен, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде дамыған еуропалық елдердегідей демократияға қол жеткізу қиын. Сонымен бірге Қазақстан үшін басты құндылық - тәуелсіздік.