Бізге «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттерді орындау үшін инновациялар, сапа мен жаңа бағыттар керек - Президент

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Бизнесмендер өз қаржыларын Отан игілігіне салуы керек.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейінің құрылғанына үш жыл толуына орай өткен мерекелік іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бұл лицей мемлекеттің емес, жекеменшік қаржыға салынған. Оның өте үлкен мағынасы бар. Бұл біздің іс адамдарына тәлім-тәрбие береді. Көмектесу деген осындай болады. Мемлекет саясатының арқасында ауқатты болған адамдар өз қаржысының денін осындай істерге жұмсайтын болса, ол барлық халқымызға көмек. Лицейде оқитын балалардың дені мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққандар», - деді Елбасы.

«Бізге "Қазақстан-2050" Стратегиясында қойылған міндеттерді орындау үшін инновациялар, сапа мен жаңа бағыттар керек. Бұл үшін білімді адамдар қажет», - деп атап өтті Президент.

Мерекелік іс-шаралар 9 сыныпта оқитын лицейліктердің ант қабылдау рәсімімен басталды. Антта олардың мінез-құлықтарының негізгі құндылықты бағыттары мен қағидалары қамтылған. Атап айтқанда, Отанына деген махаббат, оның гүлденуі жолында аянып қалмау, лицейліктердің бауырластығы, оқуда үлгілі болу және т.б.

Жалпы, 2011 жылы құрылған «Арыстан» мамандандырылған лицейі жылына 80 баланы оқуға қабылдайды. Биыл онда қатысушылардың алғашқы легі өз оқуын аяқтамақ. Лицей бастығы, запастағы генерал-майор Сәбит Таулановтың айтуынша, түлектердің 24-і қазақстандық, ал қалғандары Ресей, Беларусь, Украина, Түркия, Қытай, АҚШ сынды елдердің әскери оқу орындарына оқуға қабылданатын болады.

Соңғы жаңалықтар