Бізге соғыста ең бастысы аман қалып, жауға төтеп беру болды - 95 жастағы ардагер-артиллерист Сабырғали Құсенов
Ертеңіне соғыс болды ...
Финляндия, Польша мен Германияның шекараларындағы шиеленісті жағдайға байланысты, солдаттарды қосымша қабылдау жүріп жатқан - 1939 жылы, Сабырғали Қызыл әскер қатарына шақырылды. Ол қызметін өтеуге Гродно қаласына аттандырылды.
1941 жылдың маусымында солдатқа үйіне барып-келу үшін қысқа мерзімді демалыс берілді. Қуанышында шегі жоқ Сабырғали, кіндік қаны тамған жері Батыс Қазақстан облысы Орда ауданындағы Алғашық (Передовой) колхозына аттанады. Пойызда үйінде тосып отырған жас келіншегін еске алып, оны құшағына алуға асығады. Бірақ кездесу олардың тағдырына жазылмаған еді...
Пойыз Мәскеуден алыс емес жердегі Кашира стансысына тоқтай берген кезде: Германия Кеңестер Одағына опасыздықпен шабуыл жасағандығы туралы суыт хабар естілді. «Мен бірден жаудың алғашқы соққысын қабылдауы тиіс майдандастарым туралы ойладым. Мәскеуге қайта оралғанымда, бірінші кезекте Гродноға жетудің мүмкіндіктерін іздестірдім», деп еске алады С.Құсенов.
Бірақ өзінің полкіне ол жете алмады - Гродно фашистердің қолында болды. «Шілденің 1-і күні мен Беларус облысы Могилев қаласының 518-ші зенитті полкінің құрамында шайқасқа қатыстым. Дәл сол жерде, Березна өзені жағалауындағы Батыс майданында ең сұрапыл күрестер жүріп жатты. Немістер техника жағынан бізден басым болды. Бізді ол кезде артиллерия мен жаяу әскерлер құтқарып қалды, бірақ көп техниканы жоғалттық. Константин Симонов өзінің «Тірілер мен шейіт болғандар» туралы кітабында дәл осы шайқастар туралы жазған еді», - дейді ардагер.
Қанша ұшақты атып түсіргені ардагердің есінде жоқ. Алғашқы жеңіл жарақатты ол Брянск түбіндегі ұрыстар кезінде алды. Госпитальда емделіп шықаннан кейін 21-ші Тамбов бригадасына, танкіге қарсы жеке атқыштар дивизиясына аттандырылады. Ондағы мақсат - қорғау мен шабуылда жеке іс-қимылдар жасай отырып, Сталинградтан жау күшін өздеріне қарату болды. Сол шайқастардың бірінде ауыр жарақат алды. Владимир облысы Гусь-Хрустальный қаласындағы госпитальда үш ай бойы емделеді. Осы жерде 1942 жылдың көктемінде Сабырғали өзінің алғашқы марапатын - Қызыл Жұлдыз орденін алды.
Жарақатынан сауыққаннан кейін Батыс майданның алғашқы құрамына алыну үшін курстардан өтіп, 1943 жылғы тамызда кіші лейтенант С.Құсенов 10-шы гвардиялық әскеріне, 122-ші миллиметрлік минометтік батареяның атқыштар взводына командир қызметіне жолдама алды.
Жеңісті күні бұрын сезіну
Сабырғали соғысты Балтық жағалауындағы Курляндия түбегінде аяқтады.
«1945 жылғы мамырдың 8-інде шабуылдау туралы бұйрықты тосып, жоғары дайындық кезеңінде тұрғанбыз. Кенеттен телефонограмма келді: «Келесі нұсқауларға дейін кідіре тұрыңыздар!». Ал бірнеше сағаттан кейін бізге немістердің тізе бүккені және соғыстың аяқталғандығы туралы хабарлады», деп әңгімелейді ардагер.
«Мерекені бұған дейін 1945 жылғы мамырдың 1-інде сезіне бастадық, дейді ол. Бұл күнді мерекелік дастарқан барысында концертпен атап өттік. Ал мамырдың 2-сі күні Берлин құлады деген ақпар жетті. Солдаттар кішігірім митинг жасады: «Біздің жасақтар Берлинді алды, біз болсақ Балтық жағалауында отырмыз. Жолдастар әрекет етейік - шабуылдайық!», деді жауынгерлер деп еске алды ол.
Сабырғали 1946 жылы аға лейтенант дәрежесімен демобилизацияланды. Ол уақытқа дейін оның кеудесінде Қызыл Жұлдыздың үш ордені жарқырап тұрды: біріншісіне Смоленск және Латвия аумағын азат еткені үшін ордендері қосылды.
Сонымен бірге, С.Құсенов Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі орденімен марапатталды, оның жиырмадан астам басқа да наградалары, оның ішінде «Мәскеуді қорғағаны үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары бар.
Бейбіт уақытта С.Құсенов 40 жыл өмірін өртке қарсы қызметке арнады.
Жауынгерлік даңқ жолдарымен өткенге саяхат
Үш жыл бұрын тағдырдың жазуымен С.Құсенов жас кезіндегі ерлік пен даңқ жерлерінде болып қайтты. Өзінің 92-дегі еңкейген жасына қарамастан ардагер бұл мүмкіндікті жіберіп ала алмады.
Мәскеу түбіндегі шайқастың 65 жылдығына арнап Мәскеу облысының үкіметі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне кездесу ұйымдастырып, оған 30 қазақстандықты шақырды. Қарағанды облысынан ол шараға ардагерлердің тек үшеуі ғана бара алды. Олардың арасында С.Құсенов та бар.
Басынан өткен қиындықтарға қарамастан ақсақал өзінің кешкен ғұмырына дән риза және өзін бақытты адаммын деп санайды. «Мен соғыстың барлық сынағынан өттім, үйіме, отбасыма оралдым. Маған тоғыз немере сыйлаған бес қызды тәрбиелеп-өсірдім. Шөберелерімнің де қызығын көруге жазды, қазір олардың саны - 13», - деп ұрпағын мақтана айтты ол.
Ардагер өзінің 95 жылдық торқалы тойын туғандарынын арасында атап өтті. Сізге ұзақ жылдарға жетерлік денсаулық пен рух жалынын тілейміз!