Бизнес әйелдер үшін алынбас асу емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмысы үнемі қауырт, шаруасы шаш-етектен келетін кәсіпкер әйелдерге әр күннің, әр сағаттың құны алтынмен тең. Олар кейде мерекеге де жеткілікті мән бере алмайды. Бұл сөз біздің кейіпкеріміз «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гүлмира Қоңқашеваға да қатысты. Біреулердің сүйікті ісі - тігін тігу, тағы біреудікі - тамақ пісіру болуы мүмкін, ал, Гүлмира Қадырқызы сол тамаққа пайдаланылатын жайманы өндіруге соңғы 15 жылын арнап келеді.
None
None

Бұл кісінің мінезін бір сөзбен сипаттау мүмкін емес. Тегеурінді, текті, талапшыл. Бір-ақ рет сөйлейтін ер мінезді. Өте еңбекқор. Оның жұмыс орнында темірдей тәртіп пен кіршіксіз тазалық салтанат құрған. Өзі көп жылдар әйел адамға онша қатыссыз қызметте, атап айтсақ, көлік және көлік бөлшектерін саудалайтын фирманың Тараздағы өкілдігін басқарыпты. 2000 жылдары нарықты зерделей келе макарон өндіретін шағын ғана цех ашқан. Онда 6-ақ адам жұмыс істеп, күніне 50-100 килограмм өнім өндіріп отырған. Ол кезде расында да облыста бұл өндіріс түрі дамымай, кенжелеп қалған болатын. Сол шағын цех бүгінде айына 200 тоннадан астам жайма шығаратын алып зауытқа айналды. Алғашында «лазаньяға» қамыр әзірлейтін қытайлық құрылғыны жаймаға ыңғайластырып, сонымен жұмыс істесе, бүгінде өз тапсырыстарымен жасалған итальяндық технологияны пайдалануда. Алып екі цехта жайманың 10-ға жуық түрі шығарылады. Жұмыс толығымен автоматтандырылған. Мұнда 150-ден астам адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Еңбеккерлерге түскі тамақ тегін беріледі екен. Барлық қызметкер, тіпті хатшы қызға дейін ақ желең киіп алған. Кеңсе тұрмақ, өндірістік цехтардан да қамыр қалдықтары мен ұнның ұшқан тозаңын таппайсыз.

- Мен үшін сапа - басты орында, - дейді Гүлмира Қадырқызы, - Бір өндірушілерге өнімнің неғұрлым мол шығарылып, жан-жаққа тынымсыз таралып жатқаны ұтымды, ал менде ондай көлем қуалау деген жоқ. Аз шығарсам да тап-тұйнақтай, барлық талапқа сай болуы тиіс. Сынған, майысқан қамырды ешқашан оратпаймын. Менің жұмысшыларым да ондай жүрдім-бардым әрекетке бара алмайды, өйткені, менің талаптарымнан хабардар. Егер соны біле тұра абайсызда жерге түсіп қалған қамырды қорапқа сала салса, онысы бейнекамераға түсіп қалады.

Осы уақытқа дейін «Арзу» атты сауда белгісімен танымал болған зауыт 2012 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізіліп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиесінің пайыздық ставкасын субсидиялады. Енді «Арзумен» қоса «Ертөстік» атты бренд арқылы жайманың ұсақтау түрін шығаруды ұлғайтты. Бүгінде зауыттан шығатын өнімнің барлық түрін arzu.asia сайтынан таба аласыз.

Біз Гүлмира Қадырқызының кеңсесінде «Арзу» мен «Ертөстікті» басқа да өндірушілердің кептірілген қамырларымен салыстыра отырып қарадық. Расында да, кей брендтегі орамдардың ішінде майысқан, шектен тыс қалың немесе қалыңы мен жұқасы араласып кеткен, сарғыш реңкке тым қатты боялған жаймалар жүр. Кейіпкеріміз өзі технолог болғандықтан өнімнің құрамына, дұрыс әзірленуіне қатты мән береді, қадағалап отырады. Тіпті, оралу үрдісінің өзінде маркетингтік тәртіп-талаптарды қатаң сақтап, қамырдың пакеттерге өз ретімен салынуына көңіл бөледі. Сондықтан, күні мен түнін кейде тұтастай осында өткізуге тура келеді екен.

Соған қарамастан, Гүлмира Қоңқашева үш перзент өсіріп отырған аяулы ана, ардақты әже. Жолдасы Талғат та осы зауытта тізе қосып бірге жұмыс істейді, директордың орынбасары. «Байтал шауып бәйге алмас» деген қазақ, осындай ақылшы ер-азаматым болмаса, мұншама істі дөңгелете алып кетерім неғайбыл еді» дейді зайыбы туралы Гүлмира Қадырқызы. Астанада қызмет істейтін үлкен ұлынан екі немересі бар. Екінші ұлы да елордада тұрады. Ал, сүт кенжесі Саяжанның жасы 6-ға енді толады. 45 жасқа тақағанда дүниеге әкелген ерке қызы десе Гүлмира апайдың жаны бөлек. «Кейде сол Саяжаныма көңіл бөлуге уақыт таппаймын, бірақ күтушісі оны кез-келген уақытта өзі әкеліп көрсетіп тұрады» дейді ол.

Гүлмира Қадырқызының тағы бір қасиеті - қайырымдылыққа бір иығын беріп тұрады. Иә, бір қарағанда қаталдау, онша-мұншаға ықылас таныта бермейтін дәті берік жан болып көрінгенімен, көп әріптестеріне қарағанда қолы ашық. Мереке кездерінде өз өнімінен толтырып көлікке тиеп алады да, балалар мен қарттар үйіне жол тартады. Бұл әдеттен жаңылмай келе жатқанына қанша жыл. Міндетті түрде мол дастарқан ұйымдастырып, қой сойдырып, қазан-қазан ет астырады. Әншілер мен бишілерді алдырады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз шат-шадыман думанды мерекенің көрігі қызады. Қазандағы сорпаға «Арзу» жаймалары салынып, жиналғандарға ет тартылады. Кеш соңында әкелген қайырымдылық көмегін мекеме басшыларына тапсыруды да ұмытпайды. Ал, Жаңа жыл мерекесінде өз өнімдерін тарту еткенімен шектеліп қалмай, балалар үйінің балғындарына Аяз атаның атынан сыйлық та жасайды. Мұндай атымтай жомарттықтың сыры соншалық тереңде деп ойламаңыз, бұл Гүлмира Қоңқашева үшін кәдуілгі нәрсе.

- Жағдайы бар әр адам солай жасауы тиіс, - дейді ол, - Мен де көпбалалы отбасында, он баланың жетіншісі болып дүниеге келдім. Мен көрген балалық шақ не тапсаң да өзгелермен бөлісуді, қиындыққа тап болған жандарға барынша жәрдемдесуді өмірдің ең ажырамас бөлігі ретінде санама сіңірді. Және оның қайтарымы болар ма екен деп ешқашан дәметкен емеспін. Бұл өмірде қандай табысқа жетсем де өз күшіме сенгендіктен, табандылығымнан деп білемін.

Әңгімеміздің соңында Гүлмира Қоңқашева «бүгінде жайма өндірумен айналысып жатсам, кез-келген күні ойымда басқа жұмысқа қатысты идеялар туындап, сол салаға бет бұруым да мүмкін, «қамыр жаюды» өмірлік сүйген ісім дей алмаймын» деді. Сондықтан, іскер жанның жұлдызы бизнестің басқа да салаларында жарқырап жанып, айналасына нұрын төгіп жатса, таң қалмаңыз.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар