«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы ақтөбелік кәсіпкерлерді қолдауға 600 миллионнан астам теңге бөлінеді
Атқарушы органдар мен «Даму» қорының өкілдері облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында аталмыш бағдарлама бойынша кәсіпкерлерден өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы мәлім етті.
«Даму» қоры филиалының бас менеджері Гаухар Дүйсембаеваның айтуынша, бағдарламаның мақсаты - экономиканың шикізат емес секторында аймақтық кәсіпкерліктің орнықты дамуын қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған өндірістерді сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Қаржылай қолдау жаңа бизнес-бастамалар, кәсіпкерлік ахуалды сауықтыру және экспортқа бағытталған өндірістерге басымдық беру сияқты үш бағыт бойынша көрсетіледі. Оны ішінде, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіптік өнімдер, құрылыс материалдарының өндірісі, металлургия, денсаулық және білім беру саласындағы қызмет, халыққа қызмет көрсету салалары басымдықты секторлар болып табылады.