«Бизнестің Жол картасы -2020» бағдарламасына мемлекеттің экономиканы сауықтыру үдерісіне қатысуы проблемалы несиелердің сыйақы ставкасын субсидиялаумен шектеледі - Премьер-Министр
Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің бірінші жалпы отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Премьер-Министрдің айтуынша, бұл ретте несиесін субсидиялағысы келетін кәсіпкер ең алдымен индустриялық-инновациялық дамудың басымдықтарына сәйкес болуы, екіншіден, несиелері жөніндегі ақпаратты өз ырқымен жариялауы тиіс. Ал кәсіпорындардың меншігінің құрылымы ашық болуы қажет. «Өткен жылы бұны банктерден талап еткен болатынбыз. 2008-2009 жылдардағы қайта құрылымдаудың нәтижесінде банк жүйесі қазіргі күнде ашық бола түсті. Біз бүгінде банктердің акционерлері кімдер, кім неге жауап беретіндігін айқын білеміз. Осы сияқты енді кәсіпорындардың меншіктерін құрылымдаудан өтуіміз керек. Банктер кәсіпкердің кім екенін, орың артында кімнің тұрғанын нақты және айқын көруі тиіс. Осы процедурадан өту қажет. Осы залда отырған кәсіпкерлер бұған қарсы емес. Мұндай жағдайда адал кәсіпкерлерге көмектесуіміз қажет», деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, сонымен қатар несиелерін субсидиялау үшін кәсіпкерлердің кредиторлармен 2-3 жылға арналған қаржылық сауықтыру жөніндегі келісілген бағдарламасы болуы тиіс.
«Мұндай жағдайда банктер тәуекелді өзіне алатын болады. Бұл ерікті бағдарлама, біз ешкімді мәжбүрлемейтін боламыз. Банктер кәсіпкерлермен бірге проблемадан шығатын болады», деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпорынды сауықтыруға кәсіпкер өтінішті тек 2010 жылдың ішінде бере алады. Ал сауықтыруға арналған субсидия жөніндегі жалпы рамка 3 жылмен шектеледі.
«Келісім бойынша біз мынадай нұсқаны ұсынамыз, сұрыпталған жобалар бойынша банктер өздерінің ставкаларын 16-17 пайыздан
12 пайызға дейін қысқартуы тиіс. Бұның ішінде, кәсіпкерлер үшін тиімді ставка 7 пайызды құрайды, ал 5 пайыз - бұл субсидиялау болады. Егер, бүгін біз бұл мәселе бойынша Сіздің мақұлдауыңызды алатын болсақ, онда 2010 жылдың нақтыланған бюджетінде бұл бағдарлама үшін ресрустар бөлінеді», деді Үкімет басшысы Елбасына қаратып айтқан сөзінде.
Оның айтуынша, бұл жұмысты Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі үйлестіреді. Соңғы шешімді Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдайды.
Премьердің айтуынша, биыл шағын және орта бизнестің несиелерін субсидиялауға шамамен 25-30 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.