«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес мемлекет тарапынан қаржыландыру жолға қойылса, бұл кәсіпкерлерге қанат бітірері сөзсіз
Бұл туралы «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалының атқарушы директоры Айнагүл Ақашаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ірі компаниялар тапсырыс алу, шетелдік фирмалар өткізетін тендерлерге қатысуда қиындыққа кезіксе, шағын және орта бизнес үшін екінші деңгейдегі банктерден несие алу өткір күйінде қалып отыр. Ал ауыл кәсіпкерлеріне тіпті оңай емес. Олар кепілдікке қояр мүлкі болса да, несиеге қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан кәсіпкерлер жаңа бағдарламаға үміт артып отыр. Бұл ретте алдымен өңірдегі өндірістің жай-күйіне талдау жасалып, қай саланы дамыту облыс тұтынушылары үшін тиімді болмақ, соны қарастыру керек. Сонымен қатар экспортқа бағытталған өнім өндіру мәселесін де кейінге қалдыруға болмайды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрамына бизнес қауымдастығы мен әкімдік өкілдері енетін аймақтық үйлестіру кеңестерін құру қажет. Бұл кеңестер өтініштерді қабылдап, тиісті тоқтамға келіп отырады. Сонымен қатар екінші деңгейдегі банктермен қатар басқа қаржы институттарын да қаржыландыруға тарту керек. Бұл, әсіресе, ауыл кәсіпкерлері үшін ерекше маңызды болмақ.
Кедендік одақ кезінде кәсіпкерлер үшін бәсекелестік артады. Бастапқыда қазақстандық кәсіпкерлерге қиындау тиеді. Өйткені оларға ресейлік өндірушілермен бәсекеге түсу оңай емес. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың осындай кезеңде керектігі күмән туғызбайды. «Елбасы қойып отырған мақсат-міндеттің жүгі ауыр. Ендігі мәселе соны өңірлерде жүзеге асыра білуде», деп қорытты ойын А.Ақашаева.