«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында банктер 300 миллиардтан астам теңгеге несие берді

Аталмыш жобаның арқасында елімізде мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары үлкен қолдауға ие болып, несиелерді кепілдендіру мен несие ставкасын субсидиялау шаралары жүзеге асырылды. Мұндай шара ТМД кеңістігінде алғаш рет тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы бүгін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын одан әрі жетілдіруге бағытталған кеңейтілген мәжіліс барысында Экономикалық даму және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрағасы Қайрат Әйтекенов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында шағын және орта бизнеске қатысты проблемалар сарапталып, қаржыландыру жұмыстарының кәсіпкерлік саласына қолжетімділігі талданды. «Жалпы бағдарламаның нәтижелері туралы айтатын болсақ, екінші деңгейлі банктердің несиелік сыйақы ставкаларын субсидиялау бойынша құны 336,8 миллиард теңге болатын 116 жоба мақұлданды. Осы жобалар бойынша төленген субсидиялар көлемі 10,5 миллиард теңгені құрады. Ал банктер 300 миллиардтан астам теңгеге несие берді»,-деді комитет төрағасы.
Несиелерді кепілдендіру бойынша құны 5,2 миллиард теңге болатын 28 жоба мақұлданып, 256 мекемеге 45,5 миллиард теңгеге инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. «Кәсіпкерлік әлеуетін арттыру бағытындағы шаралардың төртінші кезеңі бойынша 15,5 мыңнан астам тыңдаушы оқытылып, 14 мыңнан астам сервистік қызметтер көрсетілген. Шағын және орта бизнестің 210 кәсіпорнының басшылары «Назарбаев Университетінде» білім алды. 500-ге жуық кәсіпкер «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша біліктілігін жетілдірді. Олардың 21-і Германияның алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында тәжірибеден өтті. Осы тәжірибелердің нәтижесінде құны 400 мың еуро болатын келісімдерге қол қойылды»,-деді Қ.Әйтекенов.
Сондай-ақ ол Павлодарда өткен республикалық көшпелі мәжілістің қорытындылары бойынша, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал ететін іскерлік кеңес пен кәсіпкерлік дамыту жөніндегі донорлық кеңес құрылғандығын атап өтті.