БҚО әкімі әйел-ана, қыз-келіншектерді қабылдады

ОРАЛ. 7 наурыз. ҚазАқпарат - БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев 7 наурыз күні ардагер-аналар, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, БАҚ, спорт және басқа сала өкілдерін, барлығы 22 адамды қабылдап, оларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
None
None

Облыс басшысы қазақ халқы ежелден аналарға, қыздарға құрметпен қарағандығын атап көрсетті. Жер-ана, табиғат-ана деген ұғымдардың өзі қастерлі. Ардақты әйел-аналарға қарап көпшілік үлгі алады. Бой түзейді. Жігіттер қыздарға қарап мәдениеттілікті үйренеді. Көктемнің көрікті мерекелерінің аналар мейрамынан басталуының мәні ерекше.

Қабылдау барысында сөз алған «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Людмила Корина гендерлік саясаттың жүзеге асырылуына тоқталып, биылғы ауыл әкімдерін сайлау кезінде әйелдерге ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды. «Әйел бар жерде тәртіп бар, тазалық бар», деді ол.

Еңбек ардагері Роза Көжекова «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» жобасы аясында Атырау облысына барған кезде батысқазақстандықтар өнерін қала түгілі, алыс-жақын ауылдардан тұрғындар келіп, тамашалап, жақсы баға бергендігін, бұл облыстағы мәдениет деңгейінің жоғары екендігін білдіретінін атап өтті.

Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тағдыры қыздар тәрбиесіне байланысты екендігін, сондықтан олардың жат қылықтарға бармауына, дәстүрлі емес діндердің ықпалына түсіп кетпеуіне атсалысу қажеттігін айтты. Оралдағы №35 балабақша директоры Гүлсім Дүйсенғалиева өңірде «Балапан» бағдарламасы сәтімен жүзеге асырылып жатқанын, мектепке дейінгі мекемелерде үш тілде тәрбиелеу, эстетикалық, логикалық білім беру өз дәрежесінде екендігін тілге тиек етті.

Айтыс ақыны, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты Жансая Мусина Шымкентке республикалық жыр додасына жүргелі отырған сәтінде бұл кездесудің шабыт сыйлағанын айтса, облыстық кардиологиялық аурухана директорының орынбасары Эльмира Сүйеуғазиева денсаулық сақтау саласындағы игі өзгерістерді сөз етті.

Жылы шырайда, емен-жарқын өткен кездесу жиналғандарға жақсы әсер қалдырды.

Соңғы жаңалықтар