БҚО әкімі бастаған бір топ делегация Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясына қатысады
Бейбітшілік пен келісім сарайында ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін жиынға БҚО-дан жиырма делегат - өңірдегі этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің басшылары барғалы отыр. Сессияда Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы ел бірлігі тұрғысында талқыланбақ.
Қазақстан халқы БҚО Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың айтуынша, бұл мерекелік сессия ғана емес, сонымен бірге ел өміріндегі аса маңызды мәселелерді талқыға салатын алқалы жиын. Сессияда үлкен өсу жолынан өтіп, достықтың тірегіне, халықтың жүрегіне айналған Ассамблеяның одан әрі дамуы, Қазақстан халқын біріктіруші ретінде мемлекеттік тілдің мән-маңызы кеңінен сөз болмақ. Мемлекеттік тіл саясатын қаржыландыру тетігінің жыл сайын өсуі жағдайында қазақ тілімен қатар басқа тілдер де ұмыт қалмайды.
Көп ұлт өкілдері тұратын елді мекендер Батыс Қазақстанда да баршылық. Мәселен, Зеленов ауданы Дариян ауылындағы «Достық» этномәдени бірлестіктер қауымдастығының төрайымы Вера Шохинаның сөзіне қарағанда, аталмыш ауылда 41 ұлт өкілдерінен тұратын 6 мыңнан астам тұрғын мекен етуде. Этномәдени бірлестіктер Дариянда 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатса, өткен жылы қауымдастық болып құрылды. Бұлардың бәрінің де басты мақсаты - халықтар достығына қызмет ету.